Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Өмір

Біреу маған от жақ деп қылды бұйрық,
Жағайын деп ұмтылдым, көңіл жүйрік.
От жаққалы жатқаным –бір үлкен үй,
Отын жиып қойыпты талай күндік.

Шақпақ шағып жібердім, қуға түсті,
Тұтандырып алуым болды күшті.
Қызыл өңеш болғанда азар жанып,
Соған шейін асығып, ішім пысты.

Отқа әкеліп отынды салып еді,
Жалын шығып лапылдап жанып еді.
Үй жылынса, қайтейін, залал да көп,
Жалын барып талайды шалып еді.

Жалын кетіп, аздан соң шоқ болды құр,
Отын бітті, үрсем де жана алмай тұр.
Жалынды оттай жайнаған, қайран, өмір,
Шоқ сөнген соң қап-қара болды көмір.

Yш-ақ түрлi өмiр бар: бәрi де – мас,
Бiр рәуiштi болады шал менен жас.
Ең керектi дегенiң – ортаншы өмiр,
Түгел қолың жетпейтiн бiр жанталас.

Қапы өткiзбе сол кездiң бiр сағатын,
Өкiнiшi қалмайды, кетсе ағатың.
Күнi-түнi дей көpмe, ғылым iзде,
Қалсын десең артыңда адам атың.

Өмiрдiң басы – бала, ортасы – адам,
Қартайып, шал болған соң кеттi шамаң.
Мақтап жүрген өмiрiң осы болса,
Үш-ақ ауыз өлеңмен болды тамам.
Өмір сырын көздесең...

Өмiр сырын көздесең,
Жарға шоқын, жаннан без.
Сыр қаласын iздесең,
Сырлы сұлу тамнан без.

Болат кiсен – тақ саған,
Темiр ноқта – бақ саған,
Дәулетiң – у мақтаған,
Пайда, мақтан, малдан без.

Жақыным, сыйлас, жатым деп,
Ешкiмдi айтпа халқым деп,
Бiрiнен-бiрi тартып жеп,
Таласып жүрген аңнан без.

Дүние құмар өзiмшiл,
Нұр таба алмас, анық бiл.
Жардың сөзiн Құран қыл,
Шатақ дiн мен заңнан без.

Пән жамылған әлiмдер,
Дiн жамылған зәлiмдер,
Бере берсең, бәрiн жер,
Сол жалмауыз паңнан без.

Пайғамбар қыл ақылды,
Сол табады мақұлды,
Адасып әлiм шатылды,
Ол шатасқан шаңнан без.

Қараңғыны көрiп қас,
Арақ iшiп болып мас,
Жар нұрымен көңiлдi аш,
Жайдары жаққан шамнан без.

Бұл насихат тыймаса,
Ойыңа сөзiм сыймаса,
Дағдыны көңiлiң қимаса,
Жалмауыз бол да, жардан без.
Достарыңызбен бөлісіңіз