Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Қош!

Жас өтті тынымсыз,
Өнерсіз, ғылымсыз,
Надандық жолымен
Кеттім-ау білімсіз.

Оқытпай баламды,
О да өсті тыюсыз.
Ойламай шамамды
Алды-артым жиюсыз.

Бақ қайда қиынсыз,
Бос тілек сыйымсыз,
Қазақ та қажытты,
Күнім жоқ жиынсыз.

Бір жол бар келгісіз,
Қайта өмір көргісіз.
Ізім жоқ, түзім жоқ,
Өттім-ау белгісіз!

Қағазым – жолдасым,
Қаламым –сырласым,
Өлген соң белгілі,
Қайта кеп тұрмасым.

Тіл сорлы жырласын,
Бекерге тұрмасым,
Алдымнан жарылқап,
Алла кәр қылмасын.

Ел анау, мен мынау
Қайтейін, бір басым.
Аман бол, ағайын,
Татуым, қимасым.

Надандық жаман ғой,
Оқыған – адам ғой.
Ізденіп көріңіз,
Ғылымды заман ғой.

Насихат тегін ғой,
Салулы егін ғой.
Еңбек қыл, ерінбе,
Араздық кегін қой.

Ғылым бір кенің ғой,
Ауырсаң, емің ғой.
Бәріне жетеді,
Таусылмас көлің ғой.

Мен қайғы жедім ғой,
«Қапы өттім» дедім ғой,
Қазағым, қам ойлан,
Сен де адам едің ғой.
Қош‚ жұртым

Шарлайсың, ойым, шарлайсың,
Алыстан менi барлайсың.
Таяу тұр ажал алдыңда,
Сарынға салып сарнайсың,
Мақсұтың не ендiгi?

Бостандық таңын көргенiм –
Кемелiме келгенiм.
Қорқытпайды менi ажал,
Арман емес өлгенiм,
Кейiтер iстiң кемдiгi.

Қалған қараңғыда елiм,
Ойлап толғаумен сынатұғын менiң белiм.
Бұл алтын таңның атқан нұрынан
Тұр есе ала алмай ерiм.

Қазақтың жайнар даласы,
Жетiлер оқып баласы.
Шошытатын менi сол –
Олардың күндес, таласы,
Дағдысы сiңген бойына.

Тастаңдар күндес, мақтанын,
Көрген соң таңның атқанын,
Ел бастайтын жастарым,
Жөн емес жай жатқаның,
Нұр құймай елдiң ойына,

Баста адал жолға елдi!
Еңбек жанатын заман мынау, ерлерiм келдi,
Қош, арманым жоқ‚ жұртым, жасарсаң,
Мен сапар шегем ендi!
Достарыңызбен бөлісіңіз