Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Қазақ

Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа,
Қазақ жүр құмарланып құр шатаққа.
«Анау – қу, мынау – пысық, мен – батыр» – деп,
Айналды бірін-бірі құрытпаққа.

Ойда жоқ: «Өнер біліп, жол табайын»,
Жалмауға жалықпайды өз маңайын.
Мұның түбі не болар деген жан жоқ,
Ұрлық, ұрыс, араздық күнде дайын.

Өтірікпен өткізіп күн мен айын,
Демейді «жамандықтан жалығайын».
«Анау – шыным, мынауым – сырым ғой» –деп,
Сонша жақсы біледі алдау жайын.

Жаз жалымен жібермей жалғыз тайын,
Тыныштықпен ішкізбей тақта шайын,
Ұрысы ұрлап, қуы алдап, сұмы елертіп,
Құрытады үш жақтап тамам байын.

Байдың да ойлағаны – «ел алайын»,
Білмейді, қу шағып жүр өз бақайын,
Көзі аспанда, көңілі мақтанда боп,
Тауысқанын сезбейді ішкі майын.

Демейді «ғылым біліп жанданайын»,
Мақсұты – «мақтан іздеп паңданайын».
Қанша ұқтырып айтсаң да – қалыбында,
Ойда жоқ – «жігерленіп, қамданайын».

Мінеки, естісеңіз елдің жайын,
К...інен кейін кетті басқан сайын.
Қайран елім, қазағым, қайран жұртым,
Көп айтып, а, дариға, не қылайын!
Қазақтың жаманы болмас...

Қазақтың жаманы болмас,
Жаманнан аманы болмас.
Бірігіп іс қылатұғын,
Түзелер заманы болмас.

Бұл елде адалдық бар ма,
Ондайын байқадыңдар ма?
Істейді нені де болса,
Наданға арамдық ар ма?

Ар сатар шайға да болса,
Бір асам майға да болса.
Ізденіп табады, жейді
Арамды қайда да болса.

Жуаны қылады зорлық,
Момынның көргені – қорлық.
Теп-тегіс қулық пен ұрлық,
Ал енді қайтіп ел болдық?
Достарыңызбен бөлісіңіз