Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
…ға жауап

Тием
бiреуге нақақ демесе‚
Күйем
арға деп арам жемесе,
Тыйылып зорлықтан.
Бәрi
адамның бiрдей ағарып.
Ары
нәпсiнi жеңсе тазарып,
Құтылар қорлықтан.

Бар еңбегiн,
шын тiлегiн
Салса адалдық жолына,
Алып бiлiм,
төгiп нұрын,
Түссе адамдық соңына.

Кiсi
адамды ала көрмесе,
Iсi
санамен алға өрлесе,
Бiрiгiп бастары.
Тамақ,
керегiн жерден iздесе,
Қалап,
еңбектi ғана көздесе,
Болмайды қастары.

Tабиғаттың‚
барша заттың
Бiлер адам айласын.
Орнар бейiс,
кетер кейiс,
Көрсе еңбектiң пайдасын.

Жойып,
зорлық пен қару жолдауды,
Қойып,
күндестiк, мақтан, алдауды,
Мансапқор жойылса.
Ердi
адалдық жолға бастайтын,
Елдi
арамдыққа әсте баспайтын,
Басшы адам қойылса.

Еңбекпенен,
өрнекпенен
Өнер ойға тоқылса,
Жайнар көңiл,
қайнар өмiр,
Ар бiлiмi оқылса.
Достарыңызбен бөлісіңіз