Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Шын асықтың әрбірі...

Шын асықтың әрбiрi,
Өлiп топырақ болды да,
Жаралыстың тағдыры,
Жаратты менi орнына.

Жарының нұры қосылған,
Мол керемет менде бар.
Жалғыз жарға шоқынған,
Қайда мендей пенде бар?

Менiң жарым қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры.
Оны сезер сiз емес,
Көзге таса бұл сыры.

Жасырып тұр жар өзiн,
Бас көзiмен қарама.
Жүрегiңнiң аш көзiн,
Жардың сырын арала.

Көрем десең жарымды,
Мас бол, жүрек тазала.
Өртеп жiбер барыңды,
Қарсы ұмтылып қазаға.

Көрсең, оған бас ұрып,
Етегiнен айрылма.
Не көрнеу, не жасырып,
Нәпсi ісiне қайрылма!

Бұл сәлемдi есiңе ал,
Егер жетсең тiлекке.
Жар қанжары маған бал,
Сұқсын сорлы жүрекке.

Талай асық жаралсын,
Жар ағызған қанымнан,
Жер жүзiне таралсын,
Жүрегi таза естi жан.

Сайтан қашып асықтан,
Асыл озып жасықтан,
Бейiс болсын бұ жалған,
Кеудеден кетiп сасық қан.
Достарыңызбен бөлісіңіз