Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Талап пен ақыл

Талап деген бiр жүйрiк тұлпар сынды‚
Бабын таппай мiнгендi қылар жынды.
Тауға ұра ма басыңды, тасқа ұра ма,
Ал ендi оған кiсi қайтiп мiндi?

Талап шапса ақылға мiнiп алып,
Жақсы, жаман – бәрiне бiрдей салып.
Анық ақыл адымын аштырмайды,
Еш нәрсе одан құтылмас жетпей қалып.

Талап деген ындынмен ентелемек,
Ойға алып, қызыққанын қылсам демек.
Ол iсi орайлы мa‚ орайсыз ба,
Ойланып оны ақылға салса керек.

Тапқыш ой ғой ақылдың мағынасы,
Түбi – жүрек, болады мида басы.
Орынсызға ұмтылтпай тоқтатуға
Талаптың алты түрлi бар ноқтасы.

Ынсап, рахым, ар, ұят, сабыр, сақтық –
Талапқа алты түрлi ноқта тақтық.
Алтауының iшiнде ынсап әдiл,
Өзгесiнiң тiзгiнiн соған ұстаттық.

Ынсап деген аспайды, кем қалмайды,
Орнын таппай ол, сiрә, қозғалмайды.
Рахым жақсы көредi аяғанды,
Адамға қаттылықты ойға алмайды.

Ар демек – адамшылық, намыс деген,
Арың кетпес жағыңа қарыс деген.
Терiс ұғып жүрмесiн мұны бiреу,
Сөз емес күншiл болып, алыс деген.

Намыс сол – өзiң қорлан кемдiгiңе,
Құрбыңмен ұмтылып бақ теңдiгiңе.
Алмай өс алдыңғының аяғынан,
Соқтықпай өзiң iздеп еңбегiңе.

Ұят сол – аулақта ұял көргендей-ақ‚
Ұрлаған малың шығып, бергендей-ақ.
Орынсызды iстеуге өлгенше ұял,
«Ұят күштi өлiмнен» дегендей-ақ.

Сабыр деген – әр iске шыдамдылық,
Қатты керек адамға бұл бiр қылық.
Қолы жетпей талай жан iзденедi,
Осыдан көп шығады адамшылық.

Сақтық деген – әрқашан байқап жүрмек,
Пайда ма, не залал ма, ескерiлмек.
Көргенiн, естiгенiн есепке алса,
Сонда оңай әрбiр iстi ойлап бiлмек.

Ойменен, талаппенен болды сегiз,
Айтылмай ендi қалды неменемiз?
Өзге жақсы мiнездiң бәрi-дағы
Шығады осылардан түгел деңiз.

Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан
Анық төмен болмай ма хайуаннан.
Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,
Өлген артық дүниенi былғағаннан!
Достарыңызбен бөлісіңіз