Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Серігім – жалғыз әупіш қасымдағы

«Серігім – жалғыз Әупіш қасымдағы,
Ертеден жолдасымсың жасымдағы.
Таза жүрек, ойыңда арамдық жоқ,
Қайғымды сен ұғасың басымдағы.

Неше жыл бірге жаттың меніменен,
Ойласам, еркіңді мен алдым неген?
Елге бар, рұхсат бердім ырзалықпен,
Қош, Әупіш! Айрылысам сеніменен».

Ол айтты: «Кетем деген ойымда жоқ,
Киім бүтін, қайғысыз, тамағым тоқ.
Бірге жүріп, бір жусап, үйір болдым.
Айрылсам, жүрегімде жанбай ма шоқ».

«Адалсың, жүрегіңді айтпай білем,
Елсізде енді жалғыз өзім жүрем.
Адам еркін байлауды ар сүймеді,
Өлгенше еңбек етіп, өмір сүрем».

Мінезімді білетін адал жолдас
Айтқаныма «құп» деді, бұрмады бас.
Аттандырып саларда амандасып,
Еріксіз шығып кетті көзімнен жас.

Оның жоқ тілегінің алалығы,
Менімен бірге өткен балалығы.
Ықтиярсыз көзімнен жас шығарған –
Қаяусыз ыдысының тазалығы.

Қайраты зор, білмейтін ерінуді,
Не асып, не мақтанып желігуді?
Еңбегімен күнелткен, сырға берік,
Ұнатпайтын орынсыз елігуді.

Әупіштер ғой өсірген малын байдың,
Еңбегі – жемі болған қомағайдың.
«Адалдық – борышым» деп санайтұғын,
Бар ниеті Әупіш пен Том ағайдың.

Көзіме елестейді құлдық дәуір,
Адамды «құл» деген сөз маған ауыр.
Шын ойласам екеуін салыстырып,
Том ағайдан Әупіштің несі тәуір?

Том ағайды сатады базарға айдап,
Көнбесе, басын алар, қылыш қайрап.
Еркін байлап отырмын мен де Әупіштің,
Босаттым оны елге осыны ойлап.

Әупішті ұмытпаймын өлгенімше,
Не оны, не ол мені көмгенінше.
Барлығын шаруамның өзім қылам,
Қажымаймын кәрілік жеңгенінше.

«Әупіш аға» дейді оны балаларым,
Сыйлайды деп тек ата-аналарым.
Жанының сырын олар сезе алмайды,
Мен көрем оның артық бағаларын.

Білу қиын сырласпай біздің жайды,
Көлеңкеге пішкен тон жараспайды.
Адам үшін арымен ойламаған
Жүксіз, ойсыз жүктімен санаспайды.

Тату тұрса, адамға дүние кең,
Еңбек ет, жер жеткілік береді кен.
Адамның адал ұлы болам десең,
Алдыменен өзіңнің нәпсіңді жең.
Достарыңызбен бөлісіңіз