Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Кейбіреу безді дейді қатынынан...

Кейбiреу бездi дейдi қатынынан
Туысқан, бауыр, бала, жақынынан.
Қаңғырып Толстойша өлер дейдi,
Шатасып қартайған соң ақылынан.

Мен болсам Толстойдай, арманым жоқ,
Шатасып ақылымнан қалғаным жоқ.
Сырымды бiлетұғын сендер емес,
Өлейiн деп елсiзге барғаным жоқ.

Таза ой ойлай алмас үйде басым,
Ойсыз сiңбес бойыма iшкен асым.
Ой жемiсiн теремiн өлгенiмше,
Өсектесiн, күндесiн мейлi қасым.

Надандардың сөгуi айып емес,
Мен ешкiмге байлаулы зайып емес.
Хақиқатты жырлаған келешекте
Мерзiм болып шығуы ғайып емес.

Киiм бүтiн, астымда ат, тамақ дайын‚
Басым үшiн кемшiлiк, жоқ уайым.
Iздегенiм мал, мансап, мақтан емес,
Ой көзiмен тексерсең, мәлiм жайым.
Достарыңызбен бөлісіңіз