Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Жастық туралы

Гауһардай көзі,
Бұлбұлдай сөзі,
Жаннан асқан бір пері.
Жүзі бар айдай,
Мінезі майдай,
Өзгеден артық сол жері.
Дариядай ақыл мол еді,
Жан ғашығым сол еді.

Ұжмақтың хоры,
Іздедім соны,
Тал бойының кірі жоқ.
Бойы бар сымдай,
Белі бар қындай,
Мүшесінің міні жоқ.
Қыз осындай болар ма,
Оны сөккен оңар ма?

Жаудырап көзі,
Тамшылап сөзі,
Жібектей шашын тараса,
Қалмайды халің,
Шығады жаның,
Қиғаштап көзбен қараса.
Бұл дүниеде қыз қызық,
Бозбалада ой бұзық.

Сынаптай толқып,
Түлкідей жортып,
Кетеді көңіл әр жаққа.
Қырандай қағып,
Алмастай ағып,
Мұратын түгел алмаққа.
Ер талабы бос қалмас,
Толқынды көңіл тоқталмас.

Шырайың қашып,
Асығып-сасып,
Қыз үшін түнде кезгенде,
Бар малды салып,
Шаруадан қалып,
Серілер үйден безгенде,—
Қарамай ұят, арына,
Жанды қиып жарына.

Ақселеу мініп,
Қылаңнан киіп,
Қараған жанға көрінбей,
Ізденіп жарды,
Пида ғып жанды,
Алыс деп ауыл ерінбей,
Айлалы жолдас қасқа алып,
Аң көрген лашын бастанып.

Ауылды барлап,
Айнала шарлап,
Баруға тура бата алмай,
Кезеңнен бағып,
Жүрегің қағып,
Далада шыдап жата алмай,
«Барып кел» – деп жолдасқа,–
«Бір хабар алсақ болмас па?»

Сып етіп жолдас,
Дыбысы болмас,
Сұр жыландай сусылдап.
Ілеспей көзің,
Әкелер сөзін,
Тұрымтайдай қутыңдап:
«Тілепті тілек берсін»— деп,
«Ер болса, үйге келсін»—деп.

Болды деп қиын,
Жеңілдеп киім,
Шыр айналып ұршықтай;
Еппенен барып,
Ынтасын салып,
Тышқан көрген мысықтай.
Кіргенде барып есіктен,
Болмаса жапсар, тесіктен.

Боз үйге кіріп,
Буының құрып,
Жарыңның барсаң қасына,
Сипалап жүріп,
Төсегін біліп,
Тигенде қолың басына,
Ақылың кетіп, жан қалар,
Ғашығың сонда аңғарар.

Қолынан тартып,
Білегін артып,
Ақ тамақтан шөп етіп,
Тал бойың еріп,
Тіліңді беріп,
Сүлдерің қалар ес кетіп.
Ах, дүние, дүние!
Сонда ақылға кім ие?!

Есіңді жиып,
Иіскелеп сүйіп,
Оған да көңілің басылмай,
Тілекті алып,
Тоятың қанып,
Құйылып түскен лашындай,
Арманың бітіп жымыңдап,
Төсінде жатсаң тынымдап.

Таң келсе қуып,
Бой кетер суып,
Енді қашан келем деп.
«Ал, жарым, қош»—деп,
«Пәлен күні тос»— деп,
«Тез келмесең, өлем»—деп,
Болмады деп таң ұзақ,
Сол болар қайғың жалғыз-ақ.

Қысылып таңнан
Ағарып қалған,
Жатуға болмас жайланып,
Қош айтып жарға,
Амалың бар ма?
Қайтуға енді айналып,
Жатайын десең таң қиын,
Тастайын десең жар қиын.

Боз үйден шығып,
Дөң асып, бұғып,
Ертіп алып жарыңды,
Шығарып салып,
Аулаққа барып,
Асыққа айтып зарыңды,
Кетесің таңнан тұра алмай,
Жарыққа хайла қыла алмай.

Шыққан соң белге,
Көз салсаң елге:
Қарап тұр әлі жарыңыз,
Жолдасқа айтып,
Ат басын тартып,
Жүгіртіп қайта барыңыз,
Бір сүйіп алып тамақтан,
Асасың азар қабақтан.
Достарыңызбен бөлісіңіз