Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Өтініш

47-нөмір «Қазақтағы» Досмұхамед Нілшібай қажы баласының «Аш, жұтаған, ауған қазақ» деп бастаған сөзінен мағұлым болды: Жизақ уезі Қызылқұм болысында біздің арғын тобықты нәсілінен ел бар екендігі. Және Сырдария бойында Ақмешіт уезі Скобловский волосында арғындар бар екендігі. Сол ағайынымыздың арғын һәм тобықтының қай атасының нәсілінен екенін анықтап білуге мұқтаж болғандықтан төменшілікпен өтінемін: ол жақта «Қазақ» газетасын алып оқушы арғын, тобықты болсын, басқа ағайын болсын, сол арғын тобықтылардың ата жөнін анықтап һәм басшы адамдарының өз аты, әкесінің атымен толық адресін жазып, не «Қазақ» газетасы арқылы, не почта арқылы хатпен білдірсе, үлкен мархамат жәрдем қылған болар еді. Егер осы хабарды алсақ, біз де өзімізді ол ағайындарға білдіруге барша қазақ, түрік нәсілін жазған шежіре кітап жіберер едік. Мұндағы тобықты жеті болыс елміз – екі волость Дадан Қарқаралы уезінде, бес волость ел Семей уезінде.
Ілтифат қылып хат жазушы болса адресім мынау:
Ст. Аркат, Семип. обл. киргизу Чингизской волости
Шах-Кариму Худайбердиеву

(«Қазақ», 1914 жыл, 4 апрель, 57-нөмір)
Достарыңызбен бөлісіңіз