Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Семей облысына қараған барша қазақ ағайындарға ашық хат

Осы күнгі ұлық біздің қазақ сотын бекітті. Екінші қазақ арасында қандай үлкен-кіші дау болса да, қазақ соты қарамақ. Бұрын орыс солай тексерген, әзір де билік айтылмаған істің бәрін де қазақ соты қарайды. Сол себептен төменгі сөздерді біздің Семей облысындағы барша қазақ қатты ескеруі керек.
1. Арыз берген қазақ өзінің, жауапкердің һәм куәлардың тұрған жерін, қай болысқа қарайтұғынын анықтап жазу керек. Олай болмағанда шақыру қағаз қайда жіберетұғыны білінбей, арыз қараусыз қалады.
2. Арызында мал-мүлік, ақы дауласа, бәрінің бағасын сомалап, анықтап баға қойып жазу керек. Өйтпегенде ондай арыз да қаралмайды.
3. Бұрынғы орыс сотына жауап бергендей өтірік-жала, жалған куәліктерді қалдыру керек. Неге десеңіз – қазақ соты орыс сотындай жалған куә, өтірік жаланы жазасыз қалдырмайды. Өтірікке қатты жаза салады. Әнеукүнгі март басындағы билікте өтірік куәлік айтқан бір жігіт осы күнде сот кесімімен абақтыда жатыр. «Енді қайтып өтірік айтпаймын, жаманшылық қылмаймын» деп жалынып, «кеш» деп берген арызын сот қабыл алмады. Мұнан былай «қазақ сотының жайын білмедім, қапы болдым» дегенмен, ол сөз алынбайды. Осы айтылғандарды газеттен оқығандар өздері де ұғып, басқаға да ұғындыру керек. Қанша қуланғанмен қазақ өтірігін қазақ соты таппай қоймайтын көрінеді.
Семей областной сотының бір мүшесі Шаһкәрім
(«Сарыарқа», 1918 жыл, 21 апрель, 39-нөмір)
Достарыңызбен бөлісіңіз