Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Жалпы қазақ съезі

Өткен июль жұлдызының 21-інде басталып, Орынборда барша он облыс қазақтың съезі болып, 26-сында тарқады. Бұл съезд барша қазақ боп бас қосқан алаш ұлына зарын өткізген, сағынтып көз етін сарғайтқан кеңес еді.
Біз алаш болып, ақыл біріктіріп, іс қылмақ түгіл, азып-тозып, бір ауыл ақылымызды бір жерге қосудан да қалған ел едік һәм ескі хүкімет кезінде бас қосу еркімізден де шығып кетіп еді.
Биыл жалпы жұрт оянып, ар ұяты үшін қанша жанды құрбан етіп талпынғанда, біздің де тым болмаса «өзіме жоқ көтенді не қыламын» деп, барша алаш берекесін бұзбай, сұм нәпсімізді құрбан қылуымыз жөн. Алаштың алғашқы күнәсіз сәби тобындағы бар ыстық махаббатымен кеңесіп байлаған қаулысын бұзсақ, біз қайтіп алаш атын атауымыз да ұят.
Алғашқы істен адамның жолы болса – талабы өспек; жолы болмай қалса – өшпек. Алаш тобы ауыл тобы сықылды күнде қосылып, күнде тарқай бермейді. Келісілген сөз кезең аспай бұзыла берсе, алаштың ұлы қайтіп бас қосқанмен мәнісі, маңызы болмас.
Қазақ боп бас қосқандағы мақсат – бет пен ниетті қазақ боп біріктірсек, саны бар, сапасы жоқ болмай, күшейіп көркейерміз дегендік.
Ал, алаштың баласы! Сағынған топ қосылып, қорсаған сөз қорылып, тарқады. Әлдеқалай біреуге жақпай бұзылса, талпынған талап, күткен үміт далаға кетіп, таз қалпымызда қалып, алаш ұлының өркенінің обалына қалғаны да.
Енді айтылмаған сөз болмайды, сөздің іске айналуы мақсат. Айту, шешу бір адамға яки бір топқа міндет болғанда, көрсеткен жобаны жүргізу – елге міндет. Енді қазақ облыстарындағы комитеттер бастап, елі қостап, осы қазақ тобы байлаған қаулылар тез іске айналуға тиіс.
Біздің қазақ халқында сүйекке сіңген еріншек, салақтық мінез бар, ойлаңыздар, ойланыңыздар! Бізден басқа мемлекеттегі еншілестеріңіз күндіз күлкі, түнде үйқы көрмей жүр; елге еңбек қыламын деген ерлері қала басы қыдырып, халқын оятып, ұқтырып жүр. Біз баяғы әдетті тастамай, сен салар, мен саларға айланып, ерініп, тал түсте тұратын мінезден шықпасақ, аты бәйгеге ілінбеген асшыдай ерніміз кезеріп, салпиып қалып жүрерміз.
«Сарыарқа», 1917, 15 ақпан, 9-нөмір
Достарыңызбен бөлісіңіз