Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Барша қырғыз-қазақ білімділеріне ашық хат

Кем-кетік болса да «Қазақ шежіресін» жазып, бір мың кітап бастырып едім. Ол таралып бітті. Өмір болса, тағы бастырмақ едім. Сол себепті соны оқып көргендеріңізден өтінемін: алыстан есіткендіктен бергі аталарда қатесі болса, шын анығын тауып, не хат арқылы өзіме, не «Қазақ» газетасы арқылы білдірсеңіздер еді. Егерде арғы жердегі сөздердің қатесі бар деушілер болса, оны дәлелмен, білімді жұрттың шежіресімен анықтау керек. Олай болмағанда, құр ғана «менікі дұрыс» деген сөз толық бола алмайды.
Әрине, әркім өз атасын өзі анық біледі. Әр таптың талапкерлері бір-бір шежіре жазып бастырғаны-ақ жақсы. Мысалы, Қуандықты, Сүйіндікті яки Атығай-Қарауыл дегендей; Наймандар Қаракерейді, Садырды дегендей – әр қайсысын бір-бір кітапша қылса жарар еді. Әйтеуір, басын біз бастадық. Ендігісін – өзі жазса да, яки бізге кешіктірмей анық хабар қылса да – толтырмақ әр таптың талаптыларына міндет деп білемін.

«Қазақ», 1915, 15 қазан, 15-нөмір
Достарыңызбен бөлісіңіз