Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Ашық хат

Биыл 24 мартта шыққан «Үш жүз» газетінің 9-нөмірінде өзіне-өзі «Қайғылы» деп өтірік ат қойған біреу «Ырғызбай, Топай жылап жатыр» деп бастап бір сөз жазыпты. Соның ішінде менің ар-намысыма тиіп, жалған-жала сөзі болған соң, алыстан естіген ағайындар «әлде рас шығар» деп ойлар деп төменгі сөзді жаздым. Әйтпесе, газет бетін дау қағазы қылғанды ұнатпаушы едім. Жазатын сөзім мынау: Біләл қатын алғанда мен Семейдегі бір облыс кеңсесіндемін. Үйге барған соң ешбір топай адамы маған келген жоқ. Оны өздері де айтар. Ар-иманнан ұялар. Топайлар Кәкітай мархұмның жесір қатынын еріксіз алып барған соң, өздері жақын көретін бір інімізді жібергенім рас, сондағы сөзім мынау – «Кәкітайдың қатыны ризалығымен барған болса, ауыз естіп кел, болмаса, еріксіз адамды байламай қайырғаны жөн ғой» дедім. Ол туралы «Біләлдағы қатынды қайтарамын» дегенім жоқ. Оны айтпайтұғыным – қатын да, Біләл да Семейге кетіп қалған; оны өздері де анық біледі. Және мен «қайтарамын» дегенмен шариғатта да, низам бойынша да байсыз жесір қатынның өз еркі өзінде болатынын білмейтұғын соқыр болмасам керек қой. Оның соңында топайлар Тұрағұл мырзаға ара ағайыннан кісі жіберіп, ара ағайындар ортаға жүріп бітім айтқан. Ешкім еріксіз біткенін көргенім жоқ һәм өзім бір тиын пайдаланғаным да жоқ – оны барша халық біледі.
Онан кейін күні бүгінге дейін бір топай адамы наразылық көрсетіп, ешбірі маған келген емес. Ар-иманын, бір Алласын ойласа – өздері де танбас. Бұл іс туралы «Қайғылы» атты мырза менен басқа да талай адамға жала жауып қаралайды. Әркім өзін-өзі біледі, олар үшін мен сөз айтар орным жоқ. Егер «Қайғылы» мырза «осы сөзің рас» десе, не сот алдында, халық алдында шын атымен жауаптасса екен. Әйтпесе «адамның арын ойыншық қылып, көрінгенге күйе жағамын» дегенмен, ақты қара қыла алмас.
(«Сарыарқа», 1918 жыл, 15 апрель, 38-нөмір)
Достарыңызбен бөлісіңіз