Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Ардақты Сәбит бауырым!

XII. 11 жазған хатыңызды жаңада ғана алдым. Бүгінгі Аягөзге жүрмек адамнан осы хатты асығыс жаздым. Қолымда барынан біраз ғана жазбамды жібердім. Олар: «Бәйшешек бақшасы», «Нартайлақ әңгімесі», «Қазақтың түп атасы», 25 жасымда жазған «Бозбала мен кәрілік», 32 жасымда жазған «Баламен айтысып жеңілгенім». Қолымда қаражаттық ақша жоқтығынан бұларды өзіңіз почта қаражатын төлеп алар деп доплатной қылдым. Бұрын басылған «Қазақ айнасы», «Еңлік–Кебек», «Қалқаман–Мамыр» деген өлеңдерімді әрбірінен өз қаражатыммен 1000 (экземпляр) дана бастырып, елге таратып едім. «Қазақ-қырғыз, хандар, түрік» шежіресін де бір мың бастырып таратып едім. Соларды балаларға іздетіп, шежіренің бір жыртылып қалғаны табылып, бұрынғы басылғанында қате бар, һәм қосылмаған сөздер бар болғандықтан, көшіріп жатырмын түзетіп. «Әділ–Мария» деген романымның көшірмесі Алматыдағы осыдан барып қызметке тұрған Бакдәулет Құдайбердіұлында бар шығар. Оның тұрағы Алматыда, Лепсинский көшеде, № 63. Сол балада Американың Бичер Стоу деген әйелі жазған құлдар тұрмысы жайынан «Том ағайдың балағаны» деген қазақшаға аударғаным бар шығар. Бірақ оларды бастырам деп рұқсат алып еді. Бұл екеуін бір баламыз өлең де қылып еді. Табылса, менің сөзше жазғанымды бастырғаныңыз мақұл. Өлеңшесін өзіңіз білесіз. Қолымда «Шын бақ әңгімесі» деген пьесеге аударуға лайықты бір романым бар болса да, басқа кісі оқи алмастық черновой болғандықтан көшірмей жіберуге болмайды. Және Пушкиннің «Дубровский» деген романын қазақша өлеңге аударып, ана бір жылы Семейде бастырылып еді. Ол үйде бар еді, мына адамдан жіберуге болмайды.
Бұлардан басқа да аудармаларым, өлең сөздерім бар еді. Бірінші, уақыт тығыз болып, екінші, 45 жасымнан бергі өлең сөздерім философия жағына салынып, «об отвлеченного вопроса объективная рассуждение» болмағандықтан, «өкімет басуға рұқсат қылмас және бұл кезде халыққа тарату да лайықсыз ба» деп жібермей қалдым. Себебі – жан сыры, жаратылыс сыры, дүниедегі тамам шатақ діндер туралы жазылған. Қырықтан аса бергенімде «Жан не? Дін не? Барша адам қалай жаралған? Адамға жаратушы жағынан не өзінің ар, ынсабы жағынан салынған міндет бар ма? Болса ол не? Адамда толық ерік бар ма? Жан өлгеннен соң жоғалатын зат па? Адам бұл өмірде не қылған жөн?» деген сияқты ылғи дене сезімімен сезілмей, іш жаққа, әдетіне, дініне, нанғанына, құмарына бұрылмай, ойлайтын – ноқтасы таза ақылмен ғана білетін істер туралы: дін ғалымы, ғылым ғалымы, ойшыл философтардың бұл туралы жазған кітап, айтқан сөздерін өзімше сынға алып, дұрысын алып, терісін тастап шығарған қорытындыларым еді. Мен «пәлен пайғамбар, түгілен философ, профессор айтты» дегенге тоқтап қалмайым. Өз ақылым қабыл алмағанды кім айтса да теріс көрем. Бірақ ақыл қабыл аларлық дәлел айтса, ол кім болса да бас ұрам. Мақтанып кеттім. Мақтан емес, іздегенім тамам адам пайдасы болғандықтан, ақылым айтқан хақихатты айтпай тұра алмайым. Еріксізбін.
Міне, осыны айтып отырғанымда адамшылық арым «барша адам баласына пайдалы деп отыз жыл инемен құдық қазып тапқан хақиқатты неге жіберіп, алдымен осыны басуын неге тіленбейсің?» деп еркімді билеп, «Жан сыры, жаратылыс сыры» деген қысқаша қорытындымды тағы жібердім. Әттең дүние, осыны құры қазақша ғана басып қоймай, орысшаға жақсы переводпен (смыслын) переводтап, ғылымды азаматтың бірі еңбек етіп, переводын өзіме көрсетер ме еді? Қазақшасы тез басылып шығар ма еді? Тірі күнімде не қарсы айтылған дәлелді сындарын, не білімді ойшылдардың қабыл алғанын біліп өлсем, армансыз болар едім. Бұл «Жан сыры, жаратылыс сыры» басылмайтын болса, тез қайтарғаныңызды өтінем. Лажы болса, қолжазбаларымның бәрін қайтарып отырарсыз.
Тағы бір тілегім – менің қай жазбам болса да, басылысымен баспахана қаражатымен маған әр қайсысынан елу данасын жіберсеңіз екен. Балаларыма, достарыма мирас деп беру үшін. Қайсысы басылса да, «Мұтылған» деген атыммен басылғаны жөн болар еді.
Бір сөзім, менің кейбір өлеңдерім қазақтың бұрынғы өлең, жырларының әнімен айтылмайды. Әрқайсысының өзім шығарған әні (мотиві) бар. Әнді хатпен ұғындыруға болмайды. Өзім барып ұғындыруға, жергілікті өкімет басындағы кейбіреулердің қараңғылығынан қолда қаражат, баста бостандық қалмай тұр.
Хош! Бақытты болыңыз!

Мұтылған
(Шәкәрім Құдайбердіұлы)
1931 жыл.
Достарыңызбен бөлісіңіз