Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Дубровский әңгімесі

(А. С. Пушкин)

СӨЗ АЛДЫНАН (аудармашыдан)

Өлшеусіз көп жасаған дүние кәрі,
Тағы талай жасамақ мұнан да әрі.
Иесінен басқаға мәлім емес,
Қанша тұрмақ, қанша жыл тұрғандары.

Сол есепсіз жылдарда көп жан өткен,
Кезімен бірі келіп, бірі кеткен.
Әуел баста адамзат аңша жүріп,
Әлсізін азық қылды әлі жеткен.

Қарулары жұдырық, тіс, тырнағы,
Нашардың мықтыдан жоқ құтылмағы.
Күшке қарсы әлсіздер айла іздейді,
Зорлықтың ойлатқаны ол баяғы.

Сол себептен шығыпты ағаш қару,
Не жаншып, не тоқпақтап басты жару.
Бұрынғыдай тым оңай бола алмайды,
Қарулыға қарусыз қарсы бару.

Онан соң тастан қару шығарыпты,
Өткір таспен бас кесіп, іш жарыпты.
Темір қару шыққан соң тіпті өзгеріп,
Дүниені басқа өмірге аударыпты.

Көптік, көмек іздеткен осы темір,
Бұл шыққан соң бұрынғы іс болды көмір.
Көп жеңіп, азғаналар айла ойланып,
Өтіпті соныменен талай өмір.

Онан соң өнер шықты отпен атқан,
Зеңбірек, бомба, мылтық тарсылдатқан.
Бір минуттың ішінде жоқ қылады
Ғаскерді әлденеше толып жатқан.

Отты қару шыққан соң тіпті өзгерді,
Айла тауып асырды әр өнерді.
Көп, көмек, күш пен ерлік түкке тұрмай,
Өнерсізді өнерлі қыра берді.

«Аң заман», «ағаш заман», «тас заман» деп,
Бұл үшеуін айтады — бас заман деп.
Басында адам да аңша ымдасса да,
Сөйлей-сөйлей ымбалды тастаған деп.

«Ата», «папа», «мама» деп сөз басталған,
Сөйте-сөйте сөз қосып, ұғып алған.
Ерні епті, тілі орамды жаратылып,
Адамнан аңша ымдасу сөйтіп қалған.

Сөйлескен, айла ойласқан, ақылдасқан,
Құлданып бар хайуанды адам басқан.
Күндестікпен көре алмай бірін-бірі,
Аямаған, алысқан, өр таласқан.

Адамзат бір-біріне болған дұспан,
Қарындас қанын ішіп қырылысқан.
Қырда құс, дарияда балықтай боп,
Аяғында шар мініп аспанға ұшқан.

Отарба, пароход пен көктегі шар,
Динамит, бомба, пушка, көп мылтықтар.
Қабағыңды қаққанша қанша адамды,
Жоқ қылуға дап-дайын тұр осылар.

Бұлар керек адамды қырмақ үшін,
Өзі билеп, салтанат құрмақ үшін.
Отсыз, күшсіз, сүйексіз қызыл тіл бар,
Оларға ел қырғызбай тұрмақ үшін.

Тура тисе, түзелмес тіл жарасы,
Оны ұға ма адамның бір парасы.
Арсыздықпен айтқан дау жауап емес,
Тапқан сөзге ешкімнің жоқ таласы.

Өзі өлмейді, дәл тисе, оңалтпайды,
Тілдің ізін еш нәрсе жоғалтпайды.
Айттым, жазып бастырдым, қалды жазу,
Мен өлсем де сөз тірі, тек жатпайды.

Бірақ ондай бек жүйрік, тым тәтті тіл
Неше мыңнан біреуге бітеді, біл.
Анда-санда біреуді азар берген,
Бұрынғы өткен есепсіз бұлдыр көп жыл.

Айтқан сөзі ауруға ем, жанға құмар,
Тауып айтқыш тәтті тіл, сайраушылар:
Байрон, Пушкин, Лермонтов, Некрасов,
Қожа Хафиз, Науаи, Физули бар.

Осындай орамдылар әр елде көп,
Бәрін атап не керек пәленше деп,
Неге айтты, не деп айтты, кімді айтқаны,
Сөзін ұқ та, соны ойла, осында кеп .

Мен сізге айтпақшы едім бір ертегі,
Пушкиннің жазған сөзін ертедегі.
Оны айтпай, онан да ескі заманды айттым,
Адамның солайша деп түзелмегі.

Мақсұтым: ғибрат үшін айта кетпек,
Адамға үлкен міндет — талап етпек.
Орыс айтты, оны ұғып болмас демей,
Жаһат қылса, әр іске адам жетпек.

Олар-дағы бірінен-бірі көрген,
Сөзі ұнап, шәкірт боп ізіне ерген.
Ойланып, бірін бұзып, бірін түзеп,
Керектісін кітап қып сыза берген.

Өкінбей, өлем демей өрге басқан,
Ерінбей еңбек қылып егін шашқан.
Жалықпай жартас қазып, кен шығарып,
Талықпай тас бұлақтың көзін ашқан.

Қанып тұр бүтін ғалам сол бұлақтан,
Аңсаған ғылым іздеп әр тараптан.
Бұлақты жаратқанға жалбарынып,
Аршығанға «рахмет» деп шулап жатқан.

Жазбаймын дәл өзінше Пушкин сөзін,
Қазақтың шағылдырар надан көзін.
Ғылымнан көзілдірік кимеген ел,
Туралап көре алмас деп күннің көзін.

Сүйтсе де кете қойман шетке басып,
Айтармын алыстамай шын жанасып.
Әншейін ертек айтып отыр демей,
Жүрекке тыңдағайсың ақылдасып.

Жазған жоқ Пушкин мұны ертек үшін,
Мақсұты: бізге ғибрат бермек үшін.
Қиянатшыл, зорлықшыл, парақордың
Мінезінің суретін көрмек үшін.

Шын махаббат не екенін білдірмекке,
Уағдашыл әділетті сүйдірмекке,
Жақсы мінезді айтқанда жанды ерітіп,
Зұлымдықтан жирентіп күйдірмекке.

Ақылсыз, мал мен мансап кім екенін,
Сырты — адам, іші — шошқа, сұм екенін,
Алла сүймек, ар сүймек, адам сүймек,
Ұқтырар адамдықтың шын екенін.

«Орыс сөзін айтты» деп кейбір қауым
Ұрмай-соқпай болар-ақ менің жауым.
Нені айтты деп сұрамас, кім айтты дер,
Білмей жүріп өзінің ауру-сауын.

Ал, айтамын, айықтар ұға тұрсын,
Ақылсыз мас мақтаны тыға тұрсын.
Қыз, қызық, батыр, балуан керек қылған
Ойсыз құлақ, мисыз бас шыға тұрсын.


ДУБРОВСКИЙ ӘҢГІМЕСІ
Жер айналмай тұрмайды дүние жай,
Келер, кетер адамзат із қалдырмай.
Сол өткен көп заманның бір кезінде,
Болыпты Троекуров деген бір бай.

Осы бай Русияның шетінде екен,
Күнбатыс заграница бетінде екен.
Өлшеусіз жер, санаусыз ақшасы көп,
Сүйтсе де тағы жұтпақ ниетінде екен.

Бұл кезден ол заманның заңы қызық,
Бар еді бір әдеті тіпті бұзық.
Кәдірлі, қолы жеткен мықтылардың
Құлы боп жүруші еді тамам мұжық.

Дейтұғын «Покровский» қышлағы бар,
Жазылған құлы болып көп мұжықтар.
Тамам бастық соңынан итше ереді,
Ұлығы ол заманның ақшақұмар.

Аңға құмар жан екен жасынан бай,
Қалың орман, шың тау бар, аңы да сай.
Бес жүз иті бар екен әр тұқымнан,
Аңқұмарлар қоя ма ит асырамай.

Сол көп ит бір қаладай сарайда екен,
Ит дәрігері — Тимошка қарайды екен.
Әр иттің жағатұғын үйі бөлек.
Тамақ жеп орны-орнына тарайды екен.

Бай өзіне тең көрмес жердің жүзін,
Итінен-ақ білдің қой байлық ізін.
Әкеліп француздан бір молда қыз,
Оқытты Мария деген жалғыз қызын.

Бай өзі оқымаған надан екен,
Тәкаббар, мақтау сүйгіш адам екен.
«Малы көпке пәле жоқ» деп ойлайтын,
Зорлықшыл, өр мінезді, жаман екен.

Андрей Дубровский деген бір бай
Дәулеті емес оның тым анадай.
Мінезі Троекуров сықылды емес,
Жаралған бір-біріне тіпті ұқсамай.

Кистеневка қышлағы — мұның жері,
Шын мирас, атасының еңбек тері.
Мінезі араз, екі бай тату екен,
Аңға шықса айрылмай жүргендері.

Дубровский мал сүймей, адам сүйгіш,
Қиянат, залымдықты көрсе күйгіш.
«Мал сақтама, ар сақта» деп ойлайды,
Адамдық, әділетті ерте түйгіш.

Арынан аямайды дәулет-бұлын,
Аяғыш қызметкерін: күң мен құлын.
Жіберді Петрбордан оқытуға
Дейтұғын Владимир жалғыз ұлын.

Көп қуған Троекуров аңның жайын,
Мылтығы, иті, құсы — бәрі дайын.
«Дубровский келмесе, разы емен» деп,
Аңға шықса шақыртар көрші байын.

Надандау Троекуров ғылымға олақ,
Сүйтсе-дағы қадірі елге мол-ақ,
«Сүйек қайда көп болса, ит сонда» — деп,
Үйінен үзілмейді мың-сан қонақ.

Мал не қылсын ақылдың жоқ пен барын,
Мақтандырмай қоя ма тойған қарын.
Аңға шықпақ болды да Троекуров,
Ит көрсете апарды қонақтарын.

Тимошка шықты алдынан бөркін алып,
Қонақтар ит мақтасты қайран қалып.
Итке берген тамағын айтып болмас,
Астына мамық төсек қойған салып.

Қонақ итін мақтаса — көңіл хошы,
Троекуров байдың да тілегі осы.
Сөз сөйлемей тұр еді Дубровский,
«Сен неге сөйлемейсің» — деді досы.

«Маған міндет емес қой ит мақтамақ,
Жаңа көрген қонақтар алсын сабақ.
Ит түгіл қызметшіңе табылар ма,
Мұндай орын, мұндай үй, мұндай тамақ?!»

Бұл сөзге бір қызметкер ашуланды:
— Иттен кейін көрдің бе сен адамды?
Біз түгіл сен сықылды бір алпауыт
Мұнда тұрса қуанар, — деп-ақ салды.

Троекуров қуанып қарқ-қарқ күлді,
«Сөз таптың» деп арқаға қақты құлды.
Мақтаншақтың малайы тасыр болып,
Ұқпағанын Андрей іші білді.

«Ас пісті» деп хабарға біреу жетті,
Ішті, жеді, мас болды, өлеңдетті.
Андрей Дубровский ішінде жоқ,
Бағана өз үйіне қайтып кетті.

Жіберді Троекуров бір малайын:
— Тез келсін, арақ пенен тамақ дайын.
Шақырғанда келмесе Дубровский,
Табармын деп айт, – деді, – оның жайын.

Андрей өзі бармай бір хат берді,
Сол хатты малай алып қайтып келді.
Конвертті қолына алып Троекуров
Хатшысына оқытып, сөзін көрді:

«Бір итшің жұрт көзінше сөкті мені,
Қарсы айтып былшылдады әлденені.
Соны әкеліп жықпасаң аяғыма,
Өмірімде көрмеймін енді сені.

Кұптадың оның сөзін өзің тағы,
Надандықтың белгісі ол баяғы.
Итшің түгіл көтермен өз сөзіңді,
Мен біреудің құлы емес байлаудағы».

Есітіп ашуланды дарақы бай,
«Япырай, мынаның, — деп, — ызасын-ай!
Апарып аяғына жықсам керек,
Жарлығын ол «тақсырдың» қате қылмай.

Қарашы, бұйрық беріп отырғанын,
Жүргенге еркелетіп құтырғанын.
Кіммен дұспан болғанын байқамайды-ау,
Білмей қалар түбімен жұтылғанын.

Жандарал, заседатель — бәрі менде,
Маған қарсы келеді қандай пенде.
Малым барда бетіме кім шыдайды,
Борышқор ондай кедей маған тең бе?

Қап, бәлем, бір қылармын саған» — депті,
Тақтайды ашуланып және тепті.
Ол келмесе суалып қалмаймын деп,
Қонағын ертіп алып аңға кетті.

Аң алмай, жолы болмай, қырсық шалып,
Күні бойы бір көжек азар алып,
Андрейдің егінін таптап-таптап,
Кешке келді үйіне қайта салып.

***
Сүйтіп жүріп бір талай мезгіл өтті
Күннен-күнге суысып байлар кетті.
Сыртынан Троекуров қиянаттап,
Ол хабар Андрейге күнде жетті.

Аңдысып, іштен жау боп ерегісті,
Әркім-ақ «бұл екі бай араз» десті.
Троекуров құлданған көп мұжықтар
Ағашын Андрейдің ұрлап кесті.

Андрей бір күн тоғай аралапты,
Мұжықтың бірін ұстап жаралапты.
Атын алып, өзіне дүре салып,
Троекуров бай бар деп қарамапты.

Мұны естіп Троекуров ашуланып,
Мұжықтың баршасына хабар салып,
«Андрейдің қышлағын шабамын» деп,
Отырды атын ерттеп, дайындалып.

Сол кезде арба келді үш ат жеккен,
Ішінен біреу түсті шенді шекпен.
Шабашкин дейтұғын бір заседатель,
«Келдің, – деп бай сұрады, – не себептен?»

Бас ұрып, бөркін алып тұрды байға,
Үлкенсіп, ұлықсымақ қалды жайға.
Иттейін еркелеген жылмаң қақты,
Бай көрсе парақорлар қандай майда:

«Қызметтен шығып едім бүгін тысқа,
Қуандым сізбен үйде жолығысқа.
Жанымды жолыңыздан аямас ем,
Жұмсасаң біз құлыңды бір жұмысқа».

«Жұмыс көп олай болса саған, — деді,
Бітірсең, асар сенің бағаң — деді.
Андрей Дубровский — көрші байдың
Бар жерін алып берші маған», — деді.

Шабашкин жылмаңдады онан да әрі:
«Бар ма екен жер бекіткен қағаздары.
Не қылсаң қолға түсір документін,
Онан соң болсын міндет маған бәрі».

«Ақшаны қөп беремін, жетсең сертке,
Айла тап не қылсаң да осы дертке.
Андрей өз аузынан айтып еді,
Жанды деп документім қалың өртке»

«Олай болса, жұмыс оңай маған,
Түп-түгел әперейін жерін саған.
Закон — түйе, бұйдалап жетелерміз,
Несі адам осындайға жол таппаған».

Задатка деп аузына аз май жағып,
Алған сайын тым шешен судай ағып,
«Екі жұма бұл істі күтіңіз» — деп,
Амандасып жөнелді құйтың қағып.

***
Жүреді Дубровский өз жайына,
Бармайды бұрынғыдай дос байына.
«Сізді ертең махкемеге шақырды» деп,
Біреу бір хат тастады маңайына.

Ашып көріп, оқыса әлгі хатты,
Ұлықтар мөрін басқан инабатты.
«Кистеневка – өзіңнің мүлкің емес,
Отырсың, – деп жазыпты, – не себепті?»

Андрей оқыды да қалам алды,
Почтаға жауап жазып бір хат салды:
«Жерімде еш адамның ақысы жоқ,
Өзіме неше атамнан мирас қалды.»

Мұны оқып заседатель қуанды кеп,
Законге шорқақ екен Андрей деп.
Қағазбен анда-санда бір шақыртып,
Қылады келмегенін үлкен себеп.

«Іс қой» деп Дубровский ескермеді,
Сүйеніп ақтығына сескенбеді.
Айналып әрнемеге, кетті ұмытып,
«Арты қалай болар» деп тексермеді.

Февральдің тоғызында біреу келді,
Қолына павеске деп қағаз берді.
«Конвоймен алғызамын, – деп жазыпты, –
Мұнан соң келмесіңе болмайды енді».

Андрей атын жегіп жүріп кетті,
Артынан Троекуров қуып жетті.
Көзіне көзі түсіп кетіп еді,
Мысқылдап, күлімсіреп, мазақ етті.

Келді де Троекуров сотқа кірді,
Секретарь үстел іздеп зыр жүгірді.
Төрдегі члендер мен заседатель
Қалпағын қолына алып шұлғып түрды.

Ескерген Андрейді бір адам жоқ,
Не қылсын, ұлықтардың қалтасы тоқ.
Сүйеніп стенаға тұрып қалды,
Бейне бір, қағып қойған қазықтай боп.

Секретарь сот билігін оқыды әкеп,
«Еш даусыз, Кистеневка — байдікі, – деп, –
«Андрей Дубровский жерден шықсын,
Тұрмасын қулықпенен пайдасын жеп».

Қол қойған талай байлар мұны растап,—
«Андрей кәзір кетсін жерді тастап.»
Қағазды Троекуров байға әкеліп,
«Қол қойыңыз, тақсыр, – деп,— әуел бастап.»

Кердеңдеп, кекірейіп жетіп барды,
Сияға малып қойған қаламды алды.
Оқымаған надан бай нені жазсын,
Иректеп кіреш таңба азар салды.

Андрейге қол қой деп келгендерге
Жауап бермей, аз тұрды қарап жерге.
Ақ ісін қара жеңіп кеткендігі,
Оңалтпас оқтай тиді қайран ерге.

Қайраттанды көзінен оты шығып,
Бір қағып секретарьды кетті жығып.
Оқ тиген арыстандай аласұрды,
Әр ұлықты әр жерге қуып тығып.

Жан шыдамай көзінің қарасына,
Қашып кірді үстелдің арасына.
Қарауылшы солдаттар жиылып кеп,
Азар алып барыпты шанасына.

Кімнің жаны ашымас бүл күйіне,
Қарғыс айтпай қала ма сот биіне?
«Махкемеде тұрғанда жын соқты» деп,
Андрейді апарды өз үйіне.

Сонымен күндер өтті, жұма да өтті,
Бұл істің болғанына айға жетті.
Адасып ақылынан Дубровский,
Ас ішу мен ұйықтауды ұмытып кетті

Кейде төгіп жіберіп көздің жасын,
Кейде қатты қысады қолмен басын.
Егоровна дейтұғын бір кемпір бар,
Сол ойына салады ішпек асын.

Уақытымен жатқызар төсек салып,
Стақанмен шай берер қолына алып.
«Тамақ ішер мезгілің болды ғой» деп,
Нан салады аузына майға малып.

Ерте өлген Андрейдің бәйбішесі,
Қатын жоқ, бала оқуда – қалды несі?
Әлгі айтқан Егоровна деген әйел —
Асыраған жалғыз ұлдың сүт енесі.

Дубровский ешкімге сөз қатпайды.
Кемпірден басқа жанды жолатпайды.
Жынды шалды күзетіп тынымы жоқ,
Байғұсқа күн батса да, таң атпайды.

***
Петрбор — патша тұрған үлкен қала
Ғылым, өнер оқитын үй бар жаңа.
Университет деген медреседе
Оқып жүр Владимир деген бала.

Оқыған, өнер білген, өр көкірек,
Жайнаған жаңа өспірім отты жүрек.
Өрттен қашып ойланбас, қайта айналмас,
Оқығанын бойына көрген тірек.

Сабақтас құрбысымен салып сауық,
Ойнайды қонақ қылып, уақтын тауып.
Алдынан алтынды өмір сәуле беріп,
Жүр еді еш нәрседеи қылмай қауіп.

Бір күні біреу бір хат ұсыныпты,
Сөзіне оқыған соң түсініпті.
Қонақ боп отыр екен құрбылары,
Айта алмай өңі қашып қысылыпты.

Білген соң қысылғанын қонақтары,
Бар ғой деп бір оңаша іс қылары,
Бірі ол деп, бірі бұл деп сылтау айтып,
Әдеппен рұхсат алып кетті бәрі.

Бір тұрды Владимир, бір отырды,
Ешкімге білдіре алмай ішкі сырды.
Киініп, чемоданын қолына алып,
Отарба вокзалына қарай жүрді.

Мінді де отарбаға жүріп кетті,
Бірталай бұл ортада уақыт өтті.
Біраз күн темір жолмен жүрді-дағы,
Дейтұғын Құмдыбекет жерге жетті.

Кез болды отарбадан қалатұғын,
Ат керек енді жалдап алатұғын.
Почтовой станцадан ат сұрады,
Кистеневка қышлаққа баратұғын.

Қарады староста бұл балаға:
«Жүрмісің ақша шашып құр далаға?
Бес күндей ат әкеліп, тосып жатыр,
Сені алып барамыз деп сол қалаға».

Сол кезде Антон жемшік кіріп келді,
Екенін Владимир біліп келді.
Арбаға Владимирді отырғызып,
Ысқырып атын айдап, жүріп берді.

Шал Антон бишік бұлғап, божы қақты,
Сар желді күймедегі ат, шеткі ат шапты.
Өткенін қанша уақыт пайым етпей,
Владимир тым терең ой ойлапты.

Ат пыр-пыр, арба күр-күр, қоңырау шылдыр,
Тау, ағаш кейін қалып, қақты бұлдыр.
Бұлардан Владимир түк сезбейді,
Әкетпес әлдеқайда көңіл құрғыр.

Түпсіз ой, түссіз қиял неше мыңдап,
Бірі бүйт, бірі сүйт деп тұрады ымдап.
Тұңғиық, тұманданған алдыңғы өмір,
Тұрғанын біліп болмас не дайындап.

Қайрайды кейде ыза боп, жауға тісін,
Ойлайды, кейде реттеп, қылмақ ісін.
Ашқан көзі жұмулы есепті боп,
Көрсе де көрмегендей түктің түсін.

Осындай ұйқылы-ояу бір ой басты,
Қайғы, үміт, қайрат, ыза араласты.
«Әнеки, Покровский қышлақ» деген,
Антонның дауысымен көзін ашты.

Қараса, тау ішінде біраз қала,
Бақшалы, көк шатырлы үй бар жаңа.
Жасында ойнағаны түсті есіне,
Бір қызбен Мария деген жап-жас қана.

Әдепті, махаббатты һәм құрбылас,
Күлгенде нұрлы жүзі қылады мас,
«Сөзі — бал, әр мінезі майда еді-ау» деп,
Көзінен шығып кетті еріксіз жас.

Елжіреп күйгендей боп тұрды іші,
Антоннан келді жайын сұрағысы.
Тоқтатты өзін-өзі қайта ойланып,
«Кетер, – деп, – теріс ойлап, мына кісі».

Бұл бақша Мариянікі емес пе еді,
Мені білсе, «аман ба?» демес пе еді.
Бақшада бар ма, жоқ па деп тұрғанда,
Етегі ақ көйлектің елестеді.

Қадалып ақ етекке көзі талды,
Сол ма, сол емес пе деп көп қадалды.
Антон жәмшік ысқырып жібергенде,
Әлдеқайда ап кетті, бақша қалды.

Келген соң Кистеневка қышлағына,
Көрісті үйге кірмей тыстағыға.
Жасында асыраған Егоровна
Жылады, келіп қолын ұстады да.

«Тиді ме жазған хатым, қарағым, — деп,
Почташы айтып еді саламын, — деп.
Қайғыдан дертті болды Дубровский,
Бар жерін Троекуров аламын деп.

Жазып ем білгенімше жайдың бәрін,
Андрей нашарланды, көрсең халін.
Тұруға Троекуров қол астында,
Разы емес көрші мұжық, көп құлдарың».

Сол кезде біреу шықты есікті ашып,
Өлген кісі сықылды қаны қашып.
Белі имиген, көзінің оты сөнген,
Бір тұрып, бір жығылып азар басып.

Құшақтап Владимир Андрейді,
«Аман ба, халің қалай, әке?» — дейді.
Қадалып екі көзі баласына,
Басымен құр ымдайды, үндемейді.

Осындай Дубровский болған ғарып,
Сұраса, айта алмайды сөз қайтарып,
Көзінен қанды жасын сорғалатып,
Жатқызды төсегіне алып барып.

***
Бір күні Троекуров іші пысып,
Үйінде отыр еді арақ ішіп,
Шабашкин жылмаң қағып кіріп келді,
Тағзыммен қолтығына бөркін қысып:

«Ей, тақсыр, жұмысыңыз әбден бітті,
Сот законын кесімді қүнін күтті.
Андрей апелляция бере алмады,
Сол үшін жерді сізге сот бекітті.

Жаңа алған жеріңізге бармайсыз ба,
Есептеп, көріп, біліп алмайсыз ба.
Егін салып, пішенін орып алып,
Не болмаса, біреуге жалдайсыз ба?!»

Не демейді мас болған қызу кісі,
Ашуланып шықырлап кетті тісі, —
Жоғал, көзге көрінбе, — деп ақырды, –
Онда жоқ сен сықылды иттің ісі».

Білген соң мас екенін кетіп қалды,
Байға мастық тағы да бір ой салды.
Жалынса, жерін қайтып берейін деп,
Ат жегіп Андрейге жетіп барды.

Андрей терезеден оны көрді,
Көзі оттанып, қөңілін ашу керді.
Айтуға тіл, тұруға қуаты жоқ,
Қолымен құр есікке ымдай берді.

Сұп-сұр болып, көзінің оты жайнап,
Жұдырығы түюлі, тісін қайрап,
Ұмтылғанда орнынан ұшып тұрып,
Жын қаққандай жығылды, бір ойбайлап.

Владимир жүгірді, көзі шалып,
Өкпесіне қарады қолын салып.
Байқаса, дем алыстан дәнеме жоқ,
Ақырды «келе гөр, – деп, — доктор алып!»

Қақпаға кім келгенін білмейді бұл,
Бар сөзі: «Доктор әкел, тез хабар қыл!»
«Троекуров бай сізді шақырып тұр» —
Деді де хабар айта кірді бір құл.

«Жоғалтсын жылдам көзін менен аулақ,
Бір іс көріп кетейін демесе нақ.
Қоймаспын өшімді алмай, Құдай қосса,
Тұрармыз бұл ортада біреуміз-ақ».

Мұны естіп Троекуров қалды кетіп,
Балаға Егоровна келді жетіп:
— Мінезін антұрғанның білмейсің бе,
Шырағым, қатты айттың ғой өкпелетіп.

«Кіріспеңіз бұл іске, ей, ана, сіз,
Білерміз қылар істі біз өзіміз.
Арымнан жанымды аяп тұра алмаймын,
Онан-дағы докторды тез әкелгіз».

Егоровна кеткен соң бұл жұмысқа,
Арада уақыт өтті тіпті қысқа.
«Атам - опат, докторды шақырма» деп.
Артынан Владимир шықты тысқа.

Қызметкер, көрші мұжық бәрі жылап,
Сорлылар шуылдады, туы құлап.
Андрей жатқан үйге кіріп келсе,
Әппақ боп төсегінде жатыр сұлап.

Өлмей, өшпей тұра ма адам фәни,
Мұзға айналып қалыпты ыстық тәні.
Басы иіліп кетіпті кеудесіне,
Ашулы оң қолының алақаны.

Басын имек - тағдырға көндім демек,
«Фәрмәнына мойынды бердім» - демек.
Алақаны ашылған ишараты -
«Несін алдым, мен ақтан өлдім» - демек.

Құл-құтан, қала берді өңкей ғарып,
Таба алсын ажалға айла қайда барып?
Шығарып өз заңынша жаназасын,
Қасына қатынының қойды апарып.

Серт қылды Владимир жыламасқа,
Жылап жүр жұрт жиылған онан басқа.
Аулақта, қайғы басып, ой ойлауға,
Қаңғырып, бала кірді дөң ағашқа.

Кейде қайғы молайтып, кейде жойып,
Мұндайда болушы емес ойға тойып.
Қайтерін, не қыларын байлай алмай.
Отырды қу ағашқа к...ін қойып.

Ой шалып шартарапты, жыбырлады,
Жел суылдап, жерде гүл сыбырлады.
Аққан өзен көрсетіп о да өмірді,
«Менше ақшы» деп, бұраңдап былдырады.

Сүйсінсе кейде жарық күн шуаққа,
Қаптайды қара бұлт мұңайтпаққа.
Аз уақыт алан-ашық болса-дағы,
Күн төмендеп барады жоғалмаққа.

Ғибрат етіп Алланың дүниесін,
Ойланып отыр еді әр немесін.
Кеш болғанға ишарат бергендей боп,
Перде қылып тау тартты көлеңкесін.

Білген соң кеш болғанын, кетті қайтып,
Қайғы үстіне қайғыны тым молайтып.
Үйге келсе, қорасы толған кісі,
Даңылдап тұр әрбіреу бір сөз айтып.

Тарантас толып жатыр пар ат жеккен,
Қараса, көбі төре шенді шекпен.
Сұрады Владимир бір құлынан
«Келді, - деп, - бұлар мұнда не себептен?»

Танып, шулап, жүгірді құл-қызметкер:
«Өзің өлтір, немесе сатып жібер,
«Сендердің қожайының - Троекуров,
Соған құл бол» деп келді бұл төрелер.

Біз көнбейміз қорлықты көрсек-тағы,
Шыбын жанды сен үшін берсек-тағы.
Басқа байды білмейміз, қожамыз - сен,
Өз соңыңнан қалмаймыз өлсек-тағы»

Тоқтау айтып, жұбатып мұжықтарға,
Владимир сөйлесті ұлықтарға:
«Не себептен құлымды қорқытасыз,
Законда осылайша қылық бар ма?»

Бір чиновник сөйледі жауап беріп:
«Уезной сот жіберді бұйрық беріп.
Андрейдің жер-суын, барша мүлкін
Троекуров бай алмақ, жиып-теріп.

Мұнда саған орын жоқ тұрмағыңа,
Құл түгіл сен ие емессің қырдағыңа.
Соттың ісі бекіткен, патша әмірі,
Мүмкін емес қарсылық қылмағыңа».

Сыртта бір дауыс шықты құл ішінен:
«Сот-мотыңды қоя түр, чиновник, сен.
Өлтірсең де, қожамыз - Владимир,
Троекуров итіңді білмеймін мен!»

Справник шақырды старшынды:
«Бізге қарсы сөйлеген қандай жынды?
Қазір ұстап әкел! - деп бұйрық қылды,-
Үйретемін оған, - деп - «білмеймінді».

Старшын құл ішіне кіріп кетті,
Қамшы-таяқ, жұдырық сарт-сұрт етті.
«Ұмтыл, ұста, жігіттер, не тұрыс бар,
Өлтір өзін» деген бір дауыс жетті.

Соны айтып, тамам мұжық ду жүгірді,
Ұлықтың бәрі қашып үйге кірді.
Ішінен есікті іліп алса-дағы,
«Шап, қират, бұзып кір» - деп шулап тұрды.

Владимир тоқтатты құлдарды кеп:
«Жанжалдасқан жұмысқа болмайды сеп».
Алдап-сулап қайтарды мұжықтарын,
«Қоя тұр, патшаға өзім барамын»-деп.

Түн болды, приказнойлар қонды бәрі,
Парақордың бола ма бетінде ары.
Ішіп алып, мас болып, жатып алды,
Дайын екен закуска, арақтары.

Владимир ішкі үйге кіріп кетті,
Басқара алмай, әр түрлі қиял етті.
Жалғыз түнде айрылып бар мүлкінен,
Антұрған Троекуров түпке жетті.

Соны ойлап, ұйқтай алмай қайта шықты,
Арақ мас қып қонақтың бәрін жықты.
Алдыңғы үйге шам алып кіріп келсе,
Бұшпаққа қашып барып біреу бұқты.

Барып еді екен деп бөтен кісі -
Өзінің Архип деген теміршісі.
Қолында қайрап алған балтасы бар,
Мағлұм емес қылғалы жүрген ісі.

Владимир сұрайды: «бұл ісің не,
Қараңғыда балта алған жүрісің не?»
Архип айтты: «Қырамын приказнойды,
Бар да жат, онда сенің жүмысың не?!»

«Оны қой», - деп қолына фонарь берді,
Фонарьды ұстап, баланың соңына ерді.
Екеуі үйдің маңын шолып жүріп,
Ояу жүрген Гриша құлды көрді.

Ұйқтай алмай қорада ол да ояу тұр,
Не қыларын біле алмай сандалып жүр.
«Неге жүрсің ұйқтамай?» - деп сұраса,
Дейді: «Бүгін келе ме ұйқы құрғыр».

Оған айтты: «Бар-дағы құлдарды оят,
Үй ішінде қалмасын біреу оғат.
Егоровна бар болса, оны да әкел,
Осы жерге жиылсын бар жамағат!»

Архипқа айтты: «Ат жегіп дайындап тұр»,
Гриша тамам құлды оятып жүр.
Бірін қоймай, бәрін де жиып алды,
Қылатұғын ісі бар, не қылса бір.

Архипқа айтты: «Арғы үйге барып келші,
Ояу қонақ бар ма екен, шалып келші.
Егерде ояу кісі көрінбесе,
Сыртқы есіктің құлыбын салып келші!»

Архип барып құлыпты салып келді,
Әр мұжық бір қолтық шөп алып келді.
Басқышқа салом менен шөп толтырып,
От қойған соң дүрілдеп жанып берді.

Мұжықтың кейі қорқып, кейі састы,
Владимир құлдарға амандасты:
«Мен кетемін, бәрің де аман бол», - деп,
Дайындаулы арбаға қадам басты.

Қымсынып, қысылмайды түсін бұзып,
Кемпір мен Гришаны отырғызып,
Антон көшір атты айдап, бір ысқырып,
Көзден ғайып болды да кетті сызып.

***
Бір минутте зорайды от лапылдап,
Еден, тіреу қирады бек шатырлап.
Әр терезе түбінде бір чиновник:
«Ойбай, өлем, құтқар, - деп тұр қақылдап

Архип мазақ қылады: «Олай ма, - деп,
Жанып, күйіп, жан беру солай ма, - деп.
Ар-иманын параға сатқан адам
Жаза артпай, құтылу оңай ма», - деп.

Терезеге жиылды приказнойлар,
Пияланы қиратып, шықпақ ойлар.
Сол кезде күтір етіп үй құлады,
Астында қала берді үйіткен қойлар.

Қуанды Архип қолын шапалақтап,
«Тауықтарым пісті, - деп, - отқа қақтап».
Бір мысық жанған үйдің төбесінде,
Түсе алмай мияулап жүр көзі алақтап.

Соны көріп, малайлар тұрса күліп,
Архип тұра жүгірді оны біліп.
Саты қойып, шатырға басып шығып,
Мысықты құтқарыпты қайрат қылып.

Аямай өртке түскен адам қанын,
Мысық үшін қатерге салды жанын.
Парақордың хайуаннан төмендігі
Сол жерде, көрдіңіз бе, байқалғанын.

«Енді мен де бұл үйді нетемін» деп,
Амандасты Архип та «кетемін» деп.
Жөнелді Владимир кеткен жаққа,
«Не қылсам да, соларға жетемін» деп.

Бұл істі Троекуров ертең білді,
Ұлыққа шаһардағы хабар қылды.
Кім өліп, кім құтылды, білеміз деп,
Ұлықтар сол араға көп жиылды.

Жоқ болды үш құлы мен Владимир,
Тағы да Егоровна деген кемпір.
Приказной, справник, заседатель,
Тірі кісі қалмапты олардан бір.

Біреу айтты «бәрі де жанды ғой» деп,
Бірі айтты «Владимир қалды ғой» деп.
Ішінен Троекуров бай ойлайды:
«Кім де болса әдейі от салды ғой» - деп.

Біле алмай анық хабар іші пысып,
Тергеді қалған құлдың бәрін қысып.
Протокол, дознание, әкті жасап,
Тергеу боп жүрді бұл іс, сотқа түсіп.

***
Мұнан соң өтіп еді біраз заман,
Қорқынышты бір хабар шықты жаман.
Бір жолкесер әр жерде елді талап,
Қаһар қылған кісісін қоймайды аман.

Бұрынғы жолкесерден мінезі жат,
Білмейді кім екенін еш адамзат.
Пәлен байға пәлендей іс қылам деп,
Күні бұрын білдіріп, жазады хат.

Сақтанса да қалмайды оның жаны,
Тіпті болмай қоймайды сол айтқаны.
Қайдағы зорлықшыл мен залымды алып,
Момындарға тимейді түк зияны.

Талай байдың талапты көп ақшасын,
Талқан қылып қоймасын, я қақпасын.
Соқтықса, сорлы қылмай тоқтамайды,
Өртейді үй, егінін, бау-бақшасын.

Бір ісі тағы да бар таңқаларлық,
Разбойникке ұқсатпай, аңғарарлық.
Талағанын тап-тақыр құрытпайды,
Күн көргішін тастайды малданарлық.

Бұл жерде тұра тұрсын бұл сөзіміз,
Басқа әңгіме айталық сіздерге біз.
Тыңдаушының ойынан шықты ма екен,
Баяғы Мария деген бір жастау қыз.

Сабаққа оқысын деп беріп еді,
Бұл кезде он жетіге келіп еді.
Әкесіндей ант ұрған надан емес,
Ғылым, әдеп, тәрбия көріп еді.

Оқытқан молда қыздың Мишу аты,
Француз жұрты еді оның заты.
Сол қызбен Троекуров көңіл қосып,
Жасырын болған екен махаббаты.

Некесіз бір ұл тапты Мишу қатын,
Бұлардың әркім білді жаманатын.
Өз балам деп жазғызып Троекуров,
Қойыпты Александр ұлдың атын.

Сол бала тоғыз жасқа келіп еді,
Оқитұғын мезгілі болып еді.
Мәскеуден бір учитель әкелдіріп,
Оқуға французша беріп еді.

Дефорж учительдің дейді атын,
Айтады француз деп арғы затын.
Оқытып Марияға бай көріпті,
Билетін һәм куәлік алған хатын.

Бұл өзі жап-жас жігіт жүзі нұрлы,
Ғылымнан хабары бар неше түрлі.
Өзгесін Троекуров ұнатса да,
Ойлайды бозбала деп қандай сырлы.

Білмейді французша байдың өзі,
Наданның тіпті топас келер сөзі.
Марияны тілмаш қып жігітке айтты:
«Жүрмесін қызымда боп екі көзі».

Қысылды қыз ұялып көрер көзге,
Білмеді не дерін де осы сөзге.
Сүйтсе де аз ойланып, айла тауып,
Айтыпты, мағынасын қылып өзге:

«Айтып тұр әкем сізге нанамын, - деп,
Сөзіне айтқан сайын қанамын, - деп.
Еңбегін, құдай қосса, зая қылман,
Білдірсе білмегенін баланың», - деп.

Перевод қылды солай Дефоржге,
Ол айтты: «Бала оқыта келдім сізге.
Аз күнде-ақ Александр ғалым болар,
Алаңсыз нана тұрсын бай да бізге».

Дефорж қызға қарап бір тоймайды,
Әңгіме, айтыспаған сөз қоймайды.
Тұрса да іші жылып Марияның,
Жалдаулы бір қызметкер деп ойлайды.

***
Троекуров байдың бар бір мінезі,
Кей қылығы адамды қылар мезі.
Қисынсызды қызық деп істейтұғын,
Бір мінезін айтуға келді кезі.

Бір үйге шынжырлаулы аю байлап,
Үстіне кіргізеді біреуді айдап.
Аю қарсы ақырып тап бергенде,
Азар жаны қалады «а, құдайлап».

Бір бұшпақ бар қалатын шынжыр жетпей,
Кірген кісі құтылмас соған кетпей.
Арсаң қағып адамды аю қуса,
Бай тұра ма қуанып, ермек етпей.

Дефоржді кіргізді айтпай барып,
Аю оған ұмтылды көре салып.
Қашқан да жоқ, Дефорж сасқан да жоқ,
Тарс қойды қалтасынан мылтық алып.

Троекуров бұл кім деп мылтық атқан,
Кіріп барса, аюы қанға батқан.
Марияны тілмаш қып бай сұрады,
«Мылтық сақтап жүресің, - деп, - не себептен?»

«Мылтық сақтау әдетім, салақ жүрмей,
Бұл үйге кірдім аю барын білмей.
Мазағың ба, жоқ мені сынадың ба,
Неге алдадың «кір-кір» деп, түк білдірмей?

Мұнан саған қалайша пайда түсті,
Мен көтерер кісі емен мазақ істі.
Бұл қылжақты төлетпей қоймас едім,
Тоқтатып тұр бір себеп онан күшті».

Мария тұр переводтап жігіт сөзін,
Намысқор, ержүрек деп ұнатты өзін.
Бұрынғыдай жалдама жалшы демей,
Көрген сайын қызықты әр мінезін.

Бай да мақтап, «батыр» деп, құрмет етіп,
Марияның ішін о да елжіретіп,
Дефорж скрипка, гармонь тартып,
Жүріпті ән қосуға қызды үйретіп.

***
Орыстың бір мейрамы болған екен,
Көп қонақ байға келіп қонған екен.
Төре, қара, бозбала, қыз-келіншек,
Кәрі, жасы сол үйге толған екен.

Ән салған, арақ ішкен, өлеңдеткен,
Кейі айық, кейі мас боп, есі кеткен.
Дуылдап сауық салып отырғанда,
Қақпаға біреу келді үш ат жеккен.

Пафнотич Антон деген бұл да бір бай,
Ұрысты Троекуров «келдің, - деп, - жай».
«Кешіккен себебім бар, кешіңіз» - деп.
Иілді құлдық ұрып, кешу сұрай.

«Арбам сынып, ұстаға алып бардым,
Түзеттіріп алдым да, бері салдым.
Кистеневка орманын шыр айналып,
Тура жолмен жүре алмай кешке қалдым».

«Арбаң сынып қалғаны болсын себеп,
Айтуға кешіккенім сол үшін деп.
Тік жолмен жүре алмадым деген сөзің,
Емес пе көпе-көрнеу алдаған еп?»

«Ұмыттың ба Андрейден алған жерің?
Куәсі мен емес пе ем салған сенің?
Егер де Владимир ұстап алса,
Сүйегім, етім түгіл қалмас менің.

Тірі жүр Владимир елді шауып,
Мен сонан тік жүруге қылдым қауіп.
Әкесі өш ала алмай өліп кетті,
Қояр ма мені өлтірмей, алса тауып?

«Мен де естідім осындай бір өсекті,
Анық-ақ ол антұрған бізге кекті.
Ел шауып Владимир тірі жүрсе,
Ұлықтар ойламайды-ау іздемекті».

Бай айтты «естіп едім оны мен» деп,
«Ұлық жоқ разбойникті қуған жөндеп».
Жастау бір справник отыр еді,
Соған айтты «не қылсаң ұста сен» деп.

Бай қосқан бір жұмысқа жарармыз деп,
Азар айтты тырысып қарармыз деп.
Тірі екені рас па, өтірік пе,
Әркімнен сұрастырып, табармыз деп.

Бір қатын Анна деген тұра келді,
Мен анық білемін деп жауап берді:
«Тірі жүр Владимир Дубровский,
Сөйлестім, қонақ қылдым, көзім көрді.

Балама оқудағы салып ем хат,
Екі мың теңге беріп һәм қаражат.
Ақша мен хатты апарған прикащігім
Тоналып, айтып келді бір жаманат.

Ойлап едім ап-аман барады деп,
Жақын жер ғой, оны кім алады деп.
Айрылып ақшасынан өзі келді,
Разбойник Владимир талады деп.

Білмедім қайтерімді құр сандалып,
Кеткен соң бар ақшамның бәрін алып.
Балама күй-жайымды түгел жазып,
Жібердім ақшасы жоқ бір хат салып.

Бұл іске кеткеннен соң бір жұма өтіп,
Үйіме бір жандарал келді жетіп.
Мен сіздің байыңыздың досы едім деп,
Мұңайып, көңіл айтты әдеп етіп.

Қара мұрт, қара шашты, өткір көзі,
Ішімді елжіретті әрбір сөзі.
Орта бойлы, иықты, жүзі нұрлы,
Отыз бес шамасында, жастау өзі.

Байымның әр мінезін айтқан сайын,
Кәдірлеп, түрлі тамақ қылдым дайын.
Ақшамды Владимир талағанын
Ұқтырдым, әңгіме ғып соның жайын.

Жандарал өңі қашып, айтты маған,
Ақшаңды пркащіктің өзі ұрлаған.
Алмайды Владимир жетім малын,
Анығын білдіремін қазір саған.

«Шақыршы, пркащігің келсін» деді,
«Ұқтырсын, жөнін айтып берсін» деді,
«Егер да, ұрлағанын тана қалса,
Жазасын осы арада көрсін» деді.

Пркащік келіп еді шақырғанда,
Қысылды, шыныңды айт деп ақырғанда,
«Шапшаң айт, ақша қайда антұрған!» - деп,
Қоймады құр жалынып, бас ұрғанға.

«Кім алды, қалай алды, ұқтыр мәнін,
Қысылмақ түгіл сенің шықсын жаның.
Менің кім екенімді танимысың,
Төгілер шын айтпасаң қазір қаның!

Рас саған Владимир жолыққаны,
Оп-оңай бір олжаға молыққаны.
Жетімнің малы екен деп қайта берген,
Тана ғой, шын жүзіқара болып, қані.

Мені кім деп отырсың, анық қара,
Көзіме көзің тіктеп, салып қара.
Ақшаны қазір әкеп орнына сал,
Жаныңнан күдер үзсең, танып қара!»

«Ей, тақсыр, не қылсаң да ерік сізде,
Ұрладым шайтанға еріп, ақша бізде.
Кеш мейлің, өлтір мейлің, жазалы - мен,
Сіз аулақ, өз обалым өзімізде».

Тапқызып, түгел санап, ақшаны алды,
Байғұсым «мә, ақшаң» деп бере салды.
Арбаға пркащікті байлап алып,
Жандарал амандасып, кетіп қалды».

Артынан бүл қалай деп ойға салдық,
Анық-ақ Владимир сол деп қалдық.
Таңулы бір ағашта жап-жалаңаш,
Жатқанын пркащіктің тауып алдық».

Көргенін түгел айтты Анна жөндеп,
Тыңдады барша қонақ ентелеңдеп.
Тамам қыз, әсіресе, Мария ойлайды,
Жігіт болса, осындай болса екен деп.

Бай айтты: «Анна, менің сөзім тыңда,
Келмейді Владимир тіпті мұнда.
Разбойник жандарал боп жүре алмайды.
Кім білсін, әлде сайтан, әлде жын ба?

Және бір дәлелім бар ол демеске,
Келген жоқ Владимир отыз беске.
Ол біздің Мариядан бес жас үлкен,
Мінекей, жаңа шықты жиырма беске».

Бұл сөзге тамам қонақ таласты кеп,
Бірі сол, бірі емес деп, бәрі сөйлеп.
Қашқынның түсін жазған қағазды алып,
Оқыды справник мынадай деп:

«Өткір қара көзі бар, қоңыр шашты,
Орта бойлы, қара мұрт, қара қасты.
Мұрны түзу, сақалын қыратұғын,
Жиырма екі жасынан биыл асты».

Қонақтар күлді мұны мазақ қылып:
«Жазыпсың, - деп, - белгісін таза-ақ қылып.
Қара мұрт, қара көзді толып жатыр,
Бәрін ұстап қинаңдар, азап қылып».

Күлісті, арақ ішіп, сауық болды,
Елеріп, есі шығып, қызып алды.
Өңкей мас, түнде үйіне не қайта алсын,
Бәрі де байдікіне қонып қалды.

Антон Пафнотич деп айтылған бай
Мастың ішін көрмеді жатуға жай.
Бала оқытқан учитель Дефоржға
Қасынан келді жатар орын сұрай.

Бұл байдың ақшасы көп қойнындағы,
Іштен салған дорбада мойнындағы.
«Үйге қойсам, разбойник талайды» деп,
Қорқынышы сол еді ойындағы.

Француздың бөлмесін берік көріп,
Жатар орын сұрады еріп келіп.
Орысша ұқтыра алмай, қолмен ымдап,
Азар ұғып жатқызды, ерік беріп.

Шам сөнді, жалаңқабат терезесі,
Қатты қорқып шығыпты байдың есі.
Терезе анау, есіктің ілгегі жоқ,
Ұры келсе қалар деп неменесі.

Французды оятты «тұрыңыз, - деп, -
Малайларға бір әмір қылыңыз деп.
Есік пен терезені мықтап жапқыз,
Жарамайтын салақтық мұнымыз» - деп.

Орысшаны ұға алмай аң-таң қалды,
Французша айта алмай бай сандалды.
«Қайырлы ұйқы болсын» деп өз тілінше,
Бір айтты да бүркеніп жатып қалды.

Оятса да оянбай қалды жатып,
Бай мыңқылдап ұрсып жүр бұтып-шатып.
Арақ ішіп ақылы қеткен сорлы,
О да ұйқтады сілесі әбден қатып.

Көзін ашса шошынып бір мезгілде -
Француз кеудесіне мінген мүлде.
Бір қолында алтыатар, ақшаны алған,
Қорыққанынан бай айтты: Тақсыр, бұл не?»

«Сендей ит бұл не екенін не қылады,
Жалғаншының жазасы табылады.
«Танимын Владимир Дубровский» -
Біреуге айтсаң, мойының шабылады.

Сен итті өлтірмеймін осы жолы,
Алалдың әрқашан-ақ жетер қолы.
Біреуге мен туралы сыр білдірсең,
Жаныңнан күдерінді үз, ұмытпа соны».

***
Мәскеу мен Покровский арасында,
Кішкентай Каф станса қаласында,
Жолаушы жас француз отыр еді,
Бекеттің көлеңкелеп панасында.

Көңілге алған барарлық бар ғой беті,
Ертерек бір шаһарға кірмек неті.
Еріккен соң ысқырып ән салады,
Кешігіп, келмей отыр аттың реті.

Староста қатыны байына айтты,
«Ысқырғанын бұл жігіт тым ұзайтты.
Мазамызды алғызбай жөнелтсеңші,
Бағанағы тройка, міне, қайтты».

Байы айтады: «Жекпеген тың атым жоқ,
Ол ысқырса, сен биле, барабан соқ.
Қазынаның бір ұлығы келіп қалса,
Ат қайда деп бетіме баспай ма шоқ».

Біраздан соң қоңыраудың үні келді,
Не төре, не жандарал міне келді.
Сап-сарала киінген бір офицер:
«Ат бар ма» деп сұрайды кіріп енді.

«Ей, тақсыр, сізге деген атым дайын,
Мен сізді неге бөгеп, тоқтатайын.
Жолхатыңыз бар болса, көрсетіңіз,
Кінегеме көшіріп, сөз жазайын».

Төре айтты: «Танимысың өзің мені,
Аз кідірсең, үйрету керек сені.
Қағазым жоқ, барамын алыс шетке,
Былшылдамай атты жек, әлденені».

Староста жөнелді шықпай үні,
Қызметкердің немене көрген күні.
Әлгі офицер сұрады бәйбішеден:
«Мынау кім?» деп бұрынғы жолаушыны.

«Кім екенін білмеймін жайын, сырын,
Французға ұқсаттым киім түрін.
Ат сұраса бермейді староста,
Бағана келіп еді сізден бұрын».

Офицер соған қарай қадам басты,
Қол беріп французша амандасты.
Жол болсын, қай тарапқа барасыз?» - деп,
Сөйлесіп біраз ғана жөн сұрасты.

«Шақырған - Троекуров деген бір бай,
Бала оқыт деп, өзгеге мойын бұрмай.
Ат бермей староста бөгет қылды,
Әйтпесе, кетер едім мұнда тұрмай».

«Мақтайды алыс жерге әркім байын,
Әрине, бай кісіде тамақ дайын.
Мінезін, беретұғын жалуанасын,
Тексеріп біліп пе едің байдың жайын?»

«Көп жаман сөз естідім ол туралы,
Тәкаббар, залым, тантық дейді халы.
Үш мың сом жылға бермек жалуанасы,
Барамын, біраз шыдап, соны алғалы».

«Жә, мырза, ашылды енді жүрген ісің,
Сөзің майда, көрінді жылы түсің.
Сірә, байға наразы бола қалсаң,
Ақылдасар бар ма еді таныс кісің?»

«Ешкімді танымаймын мен бұл жақта,
Деп келемін бір құдай өзің сақта.
Бір досы Мәскеудегі хабар айтып,
Келемін бақытымды сынамаққа».

«Жөн, жігітім, еркің ғой қайда барсаң,
Зорламайды және ешкім бармай қалсаң.
Билет, жолхат, куәлік қағазыңды
Сатар ма едің, он мың сом ақшаны алсаң?»

Жас француз бұл іске нана алмады,
Қалжың ғой деп, сөзіне қана алмады.
Он мың сомға қағазды қайтеді деп,
Мазағы ма, шыны ма, таба алмады.

Төре айтты: «Қабырғаңа әбден кеңес,
Сөзім шын, білген кісі жалған демес.
Жанға айтпаймын, еліме қайтамын деп,
Уағда берсең, он мың сом дәнеме емес».

«Шын ала алсаң, беремін жиып бәрін,
Неше түрлі бар еді қағаздарым.
Қалжың болса, қалмаңыз жолыңыздан,
Құр мазақтап, көңілімді қылма жарым».

«Міне, шын» деп, он мың сом санап салды,
Жиып, теріп, көрді де, қағазды алды.
Тез қайтуға, ешкімге білдірмеске,
Ант алды да офицер қетіп қалды.

Француз сол сағатта болды бір бай,
Ақшаны алып, салған соң көңілі жай.
«Құдай-ау, өңім бе бұл, түсім бе» деп,
Ат жалдап, қайтып кетті көп тұра алмай.

Бұл тоқтасын, арт жаққа шегінейін,
Шала айтылған бір сөзім қалды кейін.
Троекуров көп қонақ қондырды деп,
Айтып едім, бағана соған шейін.

Таң атқан соң қонақтар тарасыпты,
Антон байды «қайда» деп, қарасыпты.
Түс көрген бе, не қиын іс көрген бе,
Түнде шошып, ақылдан адасыпты.

Сөз сұраса, аузын да аша алмайды,
Жүрсе аяғын анықтап баса алмайды.
Ақшасынан айрылған сорлы байғұс,
Қорқып, сырын ешкімге шаша алмайды.

Бұлар кетті сонымен жай-жайына,
Дефорж бек жағымды өз байына.
Сөзіне, мінезіне тұтқын болып,
Мария әбден түсті ыңғайына.

Екеуі еркін алып бір оңаша үй,
Марияға үйретеді нотадан күй.
Ісі таза, ішінде - шын махаббат,
Біріңді-бірің сүйсең, соларша сүй.

Бір күні отыр еді күй үйретіп,
Тоқтатты бас ауруын сылтау етіп.
Дефорж қызға бір хат берді-дағы,
Кідірмей үйден шығып қалды кетіп.

Қараса Мария оқып хатын ашып:
«Кеткем жоқ, - деп жазыпты, - сізден қашып.
Кешкі сағат жетіде бақшаға кел,
Айтатұғын сөзім бар амандасып».

Бай жатыр қонағымен дәурен сүріп,
Арақ ішіп, шуласып, иттей үріп.
Сағат жеті болуға таянғанда,
Мария бақша жаққа кетті жүріп.

Түнде жүріп келеді бір жалғыз қыз,
Ғашық болды демейміз осыны біз.
Сүйтсе де, махаббаттың лебі тартып,
Алып кетіп барады ықтиярсыз.

Барып кірді бақшаға есен-аман,
Кешікпей жігіт келді қызға таман:
«Сырымды айтпай кеткенім мақұл емес.
Мария, айрыларлық болды заман.

Шошынбай сөзім тыңда, есіңді жый.
Разымын, құрмет қылдың, көп көрдім сый.
Учитель французбын деп жүруші едім,
Мен едім Владимир Дубровский.

Рахымсыз, ит әкеңнің зорлығынан,
Кеудемде қайғы шерім молдығынан,
Жүрмеген жер, көрмеген тұсым да жоқ.
Разбойник боп, ел шаптым қорлығынан.

Момынға залалым жоқ жалғыз тиын,
Кегім кеткен кердеңнің бердім сыйын.
Жалғыз-ақ ит әкеңе қыла алмадым,
Маған сенің барлығың болды қиын.

Талай бардым жасырын қанжар алып,
Өлтірсем кетуші едім салып қалып.
Бір сені ойлап, буыным босап кетіп,
Қыныма қоюшы едім қайта салып.

Әкеңде ақым менің бар емес пе,
Мойнында және әкемнің жаны емес пе?
Жалғанда бір адамның қанын ішсем,
Жұтарлығым осы иттің қаны емес пе?

Жарық күнім, михрабым, осы кегім.
Онсыз өмір сүрместей көкірегім.
Махаббатың, нұр жүзің құрметі үшін
Пида болып, кешіліп кетті тегін.

Әкең түгіл, тие алмай тиынына,
Сен үшін түстім өмір қиынына.
Өш алар талай кезім келмеп пе еді,
Өзің ойлап қарашы сыйымына.

Ол түгіл, саған жақын жүрген адам,
Оның маған инедей малы қарам.
Ант еттім қабағыңды шыттырмасқа,
Ием солай бол деді, бар ма шарам?

Хат алдым жолдасымнан «біліндің» - деп,
«Тез қайтпасаң, қармаққа іліндің» - деп.
Әнеки, хабар беріп, ысқырып тұр,
«Кешіксең, жазым болып, сүріндің» - деп.

Ұмытпа мені, Мариям, қош аман бол,
Енді мұнда тұруым болмайды жол.
Қысым көрсең, қабыл ал жәрдемімді.
Осы сөзге уәде бер, тілегім сол».

Сөз айта алмай, Мария жылап еді,
Махаббаты оның да құлап еді.
Өксіп тұрып «уәде» деп азар айтты,
Қолын ұстап, жалынып сұрап еді.

Владимир тоғайға кетті кіріп,
Қыз келді өз үйіне қайта жүріп.
Үй ішінде көп дауыс даңылдаған,
Кіріп барды, есікте біраз тұрып.

Қараса, справник төре сонда,
Бай айтты: «Ей, Мария, келші мұнда,
«Дефорж деп жүргенің - Владимир»
Деп отыр мына төре, сөзін тыңда.

Владимирге ұқсай ма біздің молда,
Бөлмесінде бар ма екен, бардың ба онда?
Бақша жаққа барғанда, не қайтқанда,
Дефорж жолықты ма саған жолда?»

«Мен оны білмеймін» - деп азар айтты,
Аурумын деп жататын жерге қайтты.
Дефоржды тез тауып алып кел деп,
Троекуров құлдарға хабар айтты.

Құлдар оны таба алмай жүр сандалып,
Көрсең айт деп әр жерге хабар салып.
Төреден Троекуров бай сұрады:
«Сен бұл сөзді айттың, - деп, - кімге нанып?»

Справник айтады: «Бұл сөз анық,
Жанға айтпаңыз, бұл сөзді жасыралық.
Антон байдың ақшасын тартып алып,
Қорқытқан, өлтірем деп, білсе халық».

Дефоржды таба алмай құлдар келді,
Алдағанын бай да анық біледі енді.
Справник, чиновник, барша төре
Тінтіп, қарап жүріпті тамам елді.

***
Сонан соң өткен екен қыс пенен жаз,
Бұрынғы іс ұмытылғандай болды біраз.
Бұл байға отыз шақырым жерде тұрған
Бар еді Веренский деген князь.

Ол князь мұнда тұрмай шетке кеткен,
Жеріне бір майорды күзетші еткен.
Тұрған жер, туған елін көрейін деп,
Сол жылы қаласына келіп жеткен.

Кішкентай қаласының көрдіжайын,
Ерігіп, іші пысты тұрған сайын.
Қонаққа Троекуров байға келді,
Көруге амандасып көрші байын.

Әрі бай, әрі князь, әрі шені,
Деді де менен басқа кімнің теңі.
Сыйлады өз үйіне отырғызып,
Сөйлесіп, әзілдесіп әлденені.

Бұл князь келіп қалған елу жасқа,
Жас бөгет пе, жас қызға қарамасқа.
Марияны көрген жерде-ақ қуаныпты,
Қызы сұлу байменен араласқа.

Білдірмеуге жасының толғандығын,
Ер орталы қартаңдау болғандығын,
Жас та болса қиынға патша жұмсап,
Ұқтырды ерте нұры солғандығын.

Өзі князь, әрі бай, шешен деген,
Досы да көп, уағдаға бекем деген.
Сөз ішінде байқатпай отырмайды,
Қатынсыз, әзір салтаң екендігін.

Аздан соң қайтатұғын уақыт жетті,
«Бізге де қонақ бол» деп тілек етті.
Марияны қасына алып Троекуров,
Қонаққа үш күннен соң о да кетті.

Күтіпті бар әлінше князь-дағы,
Лайық қой шақырған соң сыйламағы.
Үйіне бай қайтқан соң, князь келіп,
Теткеусіз араластық болды аяғы.

***
Аулақ үй, терезесін қойған ашып,
Іс қылып, Мария отыр кесте басып.
Алдына терезеден бір хат тастап,
Көрінбей кетіп қалды біреу қашып.

Сол кезде ішкі есіктен біреу келді,
«Әкеңіз шақырады сізді» - деді.
Қасында Веренский отыр екен,
Мария әкесіне келіп еді.

«Айтайын бір қуаныш саған, - деді,
Бұл князь келіп отыр маған, - деді.
Сұрайды қатындыққа сені алуға,
Әлбәттә, разысың, ғой, балам? - деді.

Үйін де, мінезін де көрдің жайын,
Шен десең, байлық десең, бәрі дайын.
Өзіңнің ішің де ұнап тұрған шығар,
Көп айтып, мұны мақтап не қылайын».

Мария қып-қызыл боп кетті терлеп,
Өлтіргені жақсы еді мұнан жерлеп.
Ұсынып Веренский қызға қолын,
Жалынды: «Разымын» - деп айта көр» - деп.

Үндемей қолын да алмай, мойын бұрмай,
Кеткісі келді қыздың онда тұрмай.
«Мен де ырза, қызым да ырза» -деді әкесі, -
Әншейін ұялып тұр сөз қайырмай».

Және айтты: жұмыс бітті, мен бердім деп,
Марияның князь сүйді қолынан кеп.
Ұрғанын төбесінен сонда біліп,
Көзінен ағып кетті жас мөлдіреп.

«Бар, балам, көзіңді сүрт, көңліңді бас,
Күйеуге берілмей қыз, үйде тұрмас.
Айта ма өлсе қыздар ұнадың деп,
Қуанса да көзінен төгеді жас».

Қыз шықты, шұбатылып азар үйден,
Сандалып, сырты жалын, іші күйген.
Еріксіз сүймесе де малға сатып,
Болар ма қыздан сорлы шалға тиген.

Мария қайтіп шыдасын жаны күймей,
Қайғыны үсті-үстіне қоя ма үймей.
«Монастырьға барайын» деп те ойлады,
Өтуге өмірінше байға тимей.

Есіне Владимир түсті тағы,
Бар еді шын қысылса құтқармағы.
Бағана терезеден берген хатты
Оқыды қалтасынан алды-дағы.

Қараса, жазу екен жалғыз-ақ жол
Болса да сөзі қысқа, мағынасы мол.
«Сағат он, бұрынғы орын, түнде» депті
Түк те жоқ онан басқа, бар сөзі сол.

Мария жүріп кетті сағат онда,
«Ескі орын - бақша ғой» деп, барды сонда.
Жолықты күтіп тұрған Владимир,
Уәдеден таяр ер ме мұндай жолда.

«Жайыңды айтпасаң да бәрін білдім,
Хат беріп, сол себептен хабар қылдым.
Тоқталып, күтіп тұрмын пәрменіңді,
Князьді өлтіруге неше ұмтылдым».

«Ей, мырза, еш адамда кетпейді есең,
Жарайды ол князьді өлтірмесең.
Мені көріп қызықты, жазалы ма,
Қанына ортақ болма, мені десең».

«Ендеше, князь қалсын есен-аман,
Қарсы келер халім жоқ, ханым, саған.
Әкеңнің зорлығынан құтқарайын,
Разымын, соны рұқсат қылсаң маған».

«Рас, әкем бермек болды зорлықпенен,
Білмейді ішімді анық сондықпенен.
Жылармын, жалынармын, ұқтырармын,
Зорлыққа көне қойман қорлықпенен».

«Ханым-ау, ол айтқаның болмайтұғын,
Әкеңнің ойына сөз қонбайтұғын.
Досы - мал, дұспаны - адам, мейірімсіз,
Рахымсыз ит емес пе оңбайтұғын.

Рас қой, айтқаныңа көнсе иіліп,
Тоқтаса жүрегіне нұр құйылып.
Әгер де, зорлығынан қайтпай қойса,
Қоясың сонда маған не бұйырып?»

«Шын айтып, шын жыласам, әкем тоқтар,
Болса да қанша залым, қанша сотқар.
Аямай, ықтиярсыз бермек болса,
Уәдем сол, не қылсаң, мені құтқар».

«Ханым-ау, сен білмейсің оның жайын,
Қайраттан, қатаң сөйле айтқан сайын.
Жалынған, жылағанда тыңдамаса,
Дегейсің «құтқарушы кісім дайын».

«Ол кім?» деп сұрап қалса ол ит жегір,
Дегейсің «Дубровский Владимир».
Кеудемде бұл шыбыным аман тұрса,
Қоймаспын болса-дағы жаны темір.

Құшақтап Марияны біраз тұрды,
Тамағына қыздың да өзі кірді.
Жүрегін өрт алды ма, қуанды ма,
Кім білер сол кездегі ішкі сырды.

Тамаққа ыстық демнің лебі тиіп,
Ауыздан алған шығар бір-бір сүйіп.
Марияның «жетер енді» дегенімен,
Екеуі әзер алды есін жиып.

Елжіреп, Владимир еріп кетті,
Жүзігін Марияға беріп кетті.
«Қысылсаң, сал осыған жүзікті» - деп,
Қуысын қу еменнің көріп кетті.

***
Үйге келіп ойланды Мария қыз,
«Әкеме айтсам ұқпас, тым ақылсыз.
«Сүймеймін» деп хат жазып білдірейін,
Есті болса, тоқталар князіміз».

Князьге бір хат жазды көп ойланып:
«Ей, мырза, тұщынбайсың мені алып,
Махаббатсыз өмірдің несі қызық»,-
Деп жазды да жіберді бір хат салып.

Веренский оқыды жазғандарын,
Троекуров байға да айтты бәрін.
«Не болса да тез болсын» десті-дағы,
Бүрсікүнге байлады той қыларын.

Таңертең Веренский келді қызға:
«Жазыпсыз сүймеймін деп хатыңызға.
Мен сізден айрылуға шыдамаймын,
Болмас істі ойланып, көңіл бұзба».

Соны айтып Веренский кетіп қалды,
Кешікпей әкесі де жетіп барды:
«Дайындал, ертең түсте ұзатамын,
Өзге ойды ойлама» - деп айтып салды.

«Аяй гөр, айналайын, жаным, әкем,
Өзіңе ақ жүрегім мәлім, әкем.
Махаббатсыз, бір шалдың қолында өлсем.
Болар кімнің мойнында қаным, әкем?!

Әке, мені көруге бүгін тойсаң,
Өлтіріп, жақсы еді ғой көзім жойсаң.
Еріксіз шал қолында шіріткенше,
Разымын тірідей-ақ көме қойсаң».

Бай айтты: «Басында неге айтпадың,
Үндемедің, «сүймеймін» деп айтпадың.
Тойым дайын, сенің де байың дайын,
Керек емес былшылдап көп айтқаның».

«Әке-ау, мені берем деп еп ойлама,
Өлтірсең де, көнбеймін, көп ойлама.
Сен берсең де, бермейтін кісім дайын,
Құтқарушы таба алмас деп ойлама».

«Антұрған қыз, шығаршы, қанекей, дым,
Жұдырықпен бір қойсам, боларсың жым.
Байласам да беремін, кет, дайындал,
Сені менен құтқарар жәрдемшің кім?!»

«Айтайын, ұғып отыр оның атын,
Естіп пе едің разбойник деп жаманатын.
Жәрдемшім - Владимир Дубровский,
Боламын, қыса берсең, соған қатын».

Қызым жынды болды деп бай ойлады,
Бұл сөзді ескермей-ақ той тойлады.
Құлыптап Марияның сыртқы есігін,
Күзетпенен сақтады, бос қоймады.

Қайғының Мария тартты қатты сызын,
Болмады ерітер жан іште мұзын.
Жылаумен ұйқы көрмей таң атырып,
Шақырды қоңырау қағып жалшы қызын.

Ол айтты: «Той жұмысы бітті бәрі,
Дап-дайын ұзатуға тұрғандары.
Еш адам сөйлеспесін қызыма деп,
Әкеңнің тіпті қатты қылған кәрі.

Қамауда қайран сұлу қалды жатып,
Қайғыға қайғы үстіне тағы батып.
Александр дейтұғын жас інісі
Ым қатты терезені тырсылдатып.

Ашты да, амандасты інісіне,
Інісі айтты: «Сескенбе жүрісіме.
Әкем сізді шығармай қойғаннан соң,
Жараймын ба деп келдім бір ісіңе».

Марияның сонда ойына жүзік түсті:
«Тапсырайын мен саған оңай істі.
Бақшада, қу еменнің қуысына
Сал жүзікті, бітірсең шын жұмысты».

Жөнелді жүзікті алып Александр,
Бақшаға жетіп барды бұлдыр-салдыр.
Қуысқа салып, қайта бергенінде,
Бір малай көріп қалды, құрып қалғыр.

Малай барып қуысқа қолын тықты,
Не қылса да жүзікті алып шықты.
Бала барып «бер-берлеп жүзігімді»
Малайдың алқымынан алып сықты.

Бар еді шалдау орыс бақша баққан,
Ол көрді ана екеуін ұрсып жатқан.
«Нең бар, - деп, - антұрған құл, бәйбатшада»,
Малайды келістіріп қойды жақтан.

Жетелеп, алып жүрді байға таман,
Ол білсе, қалмайды деп, жаның аман.
Сол жерге Троекуров келген екен,
Сөзді естіп бақшадағы даңылдаған.

Қараса, ап-аласа сары малай,
Қулықты қылса керек бұрын талай.
Бай сұрады: «Сен кімнің құлысың, - деп,
Жазықсыз жас баланы ұрдың қалай?!»

Ол айтты: «Андрейдің құлымын деп,
Мақтанбаймын біреудің ұлымын деп.
Балаң көріп сабады ұстап алып,
Қара жидек ұрлаған ұрысың» деп.

Бала айтады: «Мұны ешкім ұға ма екен,
Еменге қара жидек шыға ма екен.
Мен салған жүзікті ұрлап бара жатыр,
Құр қуысқа ұры қол тыға ма екен».

Бай қарады таңырқап баласына,
Жүзік деген сөзінің таласына.
«Қайдан алдың жүзікті, қайда бардың,
Неге келдің бақшаның арасына?»

«Мария апамның жүзігі» деді-дағы,
Тануға ыңғайланды сөз аяғы.
Әрнемені бір айтты, жөн сөйлемей.
Қиын болды анығын байқамағы.

Қысса-дағы баласы шынын айтпай,
Той қысталаң болмайды, үйге қайтпай.
Бақшашыға малайды тапсырды да,
Троекуров қайтыпты сөзді ұзатпай.

Сол кезде справник тағы келді,
Малайды қағыстырып көп тексерді.
Шатпақтап малай жөн сөз айтпаған соң,
Есерсоқ жынды ғой деп қоя берді.

Босанған соң тоқтамай кетті малай,
Білген жан жоқ кеткенін оның қалай.
Жақын жерде бар еді бір дөң ағаш,
Дедек қағып жөнелді соған қарай.

Тоғайға жетісімен малай бала,
Қатты ысқырып жіберді бара сала.
Орманнан және біреу ысқырған соң,
Соған қарай жүгірді жүзікті ала.

***
Той бітті, қыз ұзатар болды заман,
Тарқады тойға келген жақсы-жаман.
Қатындар келінді алып шығамыз деп,
Жиылып аяңдады үйге таман.

Түзетіп киіндіріп, шашын тарап,
Айнаға ықтиярсыз тұрды қарап.
«Хош, балам, бақытты бол» - деп Троекуров
Марияға жақын келді жанасалап.

Жығылды есі кетіп «әке-әкелеп»,
Сүйретіп, тамам қатын жүр жетелеп.
Еріксіз пәуескеге салды әкесі,
Не қылсын тойымсыз ит ондайды елеп.

Зарлатып, ықтиярсыз алып кетті,
Шеркеуге дайындаулы барып жетті.
Некесін қиямын деп өз заңынша
Альтардан бір кәрі поп шыға келді.

Мариядан поп сұраса разылығын,
Жауап жоқ, айтқан сөздің бәрі шығын.
Майлаулы әлдеқашан поптың аузы,
Бітірді өзі қылып өз қылығын.

Еріксіз параменен некелетті,
Ілгері озып, халықтың көбі кетті.
Поптан бата алуға аз айналып,
Күйеуге де жүретін уақыт жетті.

Пәуескеге князь бен қызды салған,
Күрілдетіп әкетті онан да арман.
Орта жолға барғанда он бес кісі
Пәуескені жан-жақтан қамап алған.

Біреу бар перде киген, өзгеден жат,
Көк темір үсті-басы неше қабат.
«Түс, - деді, - пәуескеден, - Марияға, -
Мен келдім, неге отырсың, болдың азат»

Білді де князь атты мылтық алып,
Тік тимей, иығына тиді барып.
Екі атқызбай мылтығын жұлып алып,
Бекітіп қол-аяғын, қойды салып.

Князьге тұс-тұсынан қылыш ойнап,
Ұрғызбай Владимир тұр «қой-қойлап».
Көшірін, көмектерін тегіс байлап,
Арбаға Владимир келді бойлап.

«Ханым-ау, жерге түспей неге отырсың,
Жіберген жүзікті ал деп балаң құрсын.
Кешіктім сол баланың кеселінен,
Дей көрме бағанадан қайда жүрсің?»

Мария айтты: «Ішім толған жалын мен шоқ,
Тағдырдан тиді маған жазылмас оқ.
Айналып құр сүйекке әуре болма,
Байқаймын, енді маған тіршілік жоқ.

Маған ұзақ өмір жоқ, әзір бармын,
Алланың әмірі сол, не қылармын.
Еріксіз көріп қалдым шеркеу алдын,
Мені ая, бір күнәға жолығармын.

Қамығып бір мені ойлап, жанып-күйме,
Қайғыны әдейі іздеп үстіңе үйме.
Шынымен мені жақсы көрген болсаң,
Қоя бер өз жолына, бұған тиме.

Болмасам да, болдым ғой бұған қатын
Сорлыңның шығарма енді жаман атын.
Берерсің, мені ойласаң, тілегімді,
Жүріп кет, хош, аман бол, асыл затым!»

Тұрды да Владимир аң-таң қалып,
Есіте алмай сөз аяғын кетті талып.
Қансырап жарасынан талды ғой деп,
Әкетті жолдастары сүйреп алып.

«Қош» - деді біраз ғана есін жиып,
Ауыздан айрыларда бір-ақ сүйіп.
Қарасы үзілгенше қарап тұрып,
«Аһ» деді, Мария талды, жанып, күйіп.

***
Қара орман ортасында балаған бар,
Жиылған неше рудан талай жан бар.
Түрінен, жүрісінен, қаруынан
Айтарлық разбойник деп, байқағандар.

Крепость балағанның айналасы,
Қазған ор терең қылып оның қасы.
Үстінде крепостың зеңбірек тұр,
Жарасып өз әлінше тамашасы.

Біреу отыр зеңбірекке аттай мініп,
Күзетші өз жүмысын өзі біліп.
Алақтап жан-жағына, салақсымай,
Күңіреніп, өлең айтып, ермек қылып.

Шықты да балағаннан кәртең қатын,
«Степан, - деді, - бұл қай салтанатың.
Батырға үйде жатқан ұйқы бермей,
Отырсың өлеңдетіп, қайда ұятың?»

«Кеше гөр, Егоровна, - деді Степан,
Қорғанды шолып жүрді, барып әрмән.
Үстінде кереуеттің Владимир
Сұп-сұр боп жатыр еді жараланған.

Степан асығысып, шаба желіп,
Батырға хабар берді жылдам келіп.
«Тоғайдан бір ысқырған дауыс шықты,
Тұр білем, шолғыншылар хабар беріп».

Келген соң сигнал үні құлағына,
Орыннан Владимир тұрады да,
Ретпен дайындайды батырларын,
«Бәрің де бармысың» деп сұрады да.

Тоғайға кеткен екеу жер шолғалы,
«Көп солдат келді» - деді бізді алғалы.
Ыңғайлап Владимир зеңбіректі,
Аңдып тұр атайын деп қозғалғалы.

Жүгірді бір топ солдат бұған таман,
Қолында қаруы көп жарқылдаған.
От басып, зеңбіректі жібергенде,
Солдаттың бір талайы қалмапты аман.

Қалғаны шуылдады қырған қойдай,
Жүгірді бір офицер тағы қоймай.
Кеудеден Владимир атып еді,
Жығылды шалқасынан салып ойбай.

Басшысыз солдат қашты, бұлар қуып,
Қырып жүр, жердің жүзін қанмен жуып.
Өлгені өліп, қалғаны қашып кетті,
Қолға тірі түскенін қойды буып.

Сол жерде бар жолдасын жиып алды,
Еш адам қалмасын деп хабар салды.
Бірдей ғып өз қолынан үлестірді,
Ел шауып, есебі жоқ алған малды.

«Рұхсат бер енді маған, батырларым,
Дос болған жан аяспас жақындарым.
Мен кештім, сіздер де кеш, қатем болса,
Бар шығар байқамаған ғафылдарым.

Миллионшік бай болдыңыз әр қайсының,
Сізге де керегі не енді мұның?
Қоямын бұл мінезді мұнан былай,
Біржола уәде беріп, айтқан шыным.

Сендер қашқын емессің бәрің-дағы,
Жалғыз-ақ менің атым мәлім-дағы.
Дүниеден енді көрер қызығым жоқ,
Жарылды бітпес жарам жанымдағы.

Аман бол, жан достарым, мен кетемін,
Дертімді мұнда кімге емдетемін.
Көз көрмес, құлақ сезбес орын тауып,
Жайымды жан білместей жерде өтемін».

Жоғалды Владимир сонан кейін,
Іздеді ұлық сенбей көпке шейін.
Разбойник, талау, шабу тоқталыпты,
Жел тынды, күн басылды дегендейін.

«Кетті деп заграница - бөтен елге»,
Жайылды ұзын өсек талай жерге.
Жаны ашыр ма, ақылы жанасар ма,
Біздің қазақ сорлының мұндай ерге?

Залым кім, парақор кім, жазасыз кім,
Қайсысы ақ жүректі, қайсысы сұм?
Кекті кім, кекті жеңіп кешірген кім?
Білдің бе күшті екенін махаббаттың?!
Достарыңызбен бөлісіңіз