Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Түсімде

Басында жаназаның қызғыш көрдім,
Сырты — қой, іші — қасқыр бұзғыш көрдім.
Жұрт көзінше сүзіліп, түсін бұзып,
Тәсбиқ деп кез жарым тас тізгіш көрдім.

Бір жол сия дәру деп езгіш көрдім.
Қиялменен жер-көкті сезгіш көрдім.
Алғысын ұжмақ, қарғысын дозақ қылып,
Көзінен көз айырса безгіш көрдім.

Және де бір тайпа аңды көрдім.
У да шу, айғай-ұйғай даңды көрдім.
Бірі іреп, бірі сойып, бірі тартып,
Әуліккен ынтымақсыз жанды көрдім.

Тағы да бір даулаған отты көрдім.
Қап-қара хисабы жоқ топты көрдім.
Мас болған дау-жанжалмен әлгі аңдарға,
Ұсынған әр тараптан оқты көрдім.

Аңдардың мұнан ешбір хабары жоқ,
Көз салып жан-жағына бағары жоқ,
Қыран көз қиядағы ақ сұңқарын
Қырғидай тым болмаса санары жоқ.

Бір уақыт анық көріп оттың шетін,
Қашарға бұлар қойды енді бетін.
Қашқанмен қарсы алдында жар мен су тұр,
Болды енді сорлылардың ісі шетін.

Білмейді тұрарын да, қашарын да,
Қайтсе аман еркіндікпен жасарын да.
Қарсақ көрсе қорқады жолбарыс деп,
Білмейді қалай қарай басарын да.

Және де түсінбейді айтқан сөзге,
Өзінше бұлардың да пікірі өзге.
Егер де отырықшы бола қалсақ,
Деп айтар «ұсталдық қой көрер көзге».

Аңдар тұр от пен судың арасында,
Сахараның әр жердегі даласында.
Әрнешік ғаріптердің ісі мүшкіл,
Я, рахман, өзің, бір жөн табасың да.
Түсімде көрген бір аяныш хал

Мен көрдім қызыл гүлді түсі кеткен,
Тәнінен әлсізденіп күші кеткен.
Мағлұм бір түйткіл болып көптен,
Сол түйткіл қазір оған келіп жеткен.

Толып тұрған кеуделері от пен жалын:
Есітіп тұра алмастай айтқан зарын.
Аңғарттым бір-екі ауыз сөз мазмұнын,
Білдіріп зарлаған соң маған халін,

Түскендей бастарына қалың тұман,
Тағдырда жазылған соң осы... план.
«Жазмыштан озмыш болмас» деген сөзге,
Болса да түседі екен сайып қыран.

Толтырған қанды жасқа екі көзін,
Аядым ішім еріп онық өзін.
Бір-екі назымменен мен өтейін
Жанымның жан досты деп айтқан сөзін.

Келместей түндегі ұйқы, батпастай ас,
Тағдырға бас иген соқ шын гауһар тас.
Көп жазып кеңіліңді ауыртпайын
Сонда да достың сыры достына паш.

Қазақты намыс деген тентіреткен,
Партия, дау мен жанжал түпке жеткен:
Намыспенен жанына қайғы шашып,
Егінін орсын енді, қолдан еккен.

Түсер деп сізге қапа, кеп жазбадым,
Сонда да, тіпті, босқа тек жазбадым.
Дәрмен жоқ іс өткен соқ не шара бар,
Құр ойбай пайда бермес деп жазбадым.
Достарыңызбен бөлісіңіз