Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Оқу

Бүгіндегі жастарға оқу міндет,
Тек кана оқуменен өнер білмек,
Өнер-білім, адалдық, ар-намысты
Жоятын надандық қой емсіз індет.

Бар қиынды тек қана ғылым жеңбек,
Оқыса баска елдердей қатарға енбек.
Білімге ел боп аңсап құмарланса,
Жетілмек аз-ақ жылда жоғары өрлеп.

Көрші елдер өнерсізді қорлап күлмек,
Оқу мен бірлік болса, көзіне ілмек.
Қараңғы Қарынбайдай надан болсаң,
Байлығыңа иелік бермес күндеп.

Өнерлі ел бар мұқтажын жерден ембек.
Өнермен техникалы жұмсап еңбек.
«А, құдай, өзі берден» түк шықпайды,
Талаптанып, талпынсаң сонда бермек.

Алдыңғы ел малға емес, жерге сенбек,
Бар мұқтажы адамның жерден өнбек.
Басқаға малайлыққа жеккен күшті
Жұмсасақ өзің үшін шындап терлеп.

Өнерге сай боп келсін бірлік, ерлік,
Сонда ғана аларсың сен де теңдік.
Надандықтан екенін білесіз бе,
Көрінгенге болғаның семіз жемдік.

Ел болуға алдымен білім тірек,
Бір сөзді, бір ауызды намыс керек,
Жалғыз ғана оқумен теңелмейсің,
Алты ауыз-азғын болсаң қоян жүрек.

Қажырлы ел жаннан арын артық көрмек,
Өнерге ұмтылатын аңсап-шөлдеп.
Қорғайды елін, жерін каныменен,
Болмайды жаннан қорқып басын имек.

Наданды әркім жейді нандай илеп,
Жыртқыш ілген үйректей тірі жүндеп.
Өгей бала секілді тесік өкпе
Жалғанда теддік көрмей жаны күймек.

«Ел» дейтін адал басшы әзір сирек.
Көпшілігі табансыз, қорқақ күйрек.
Елі үшін құрбанға шалса разы
Кім бар еді ту ұстаған елін сүйреп?!

Төре көрсе жалаң бас шұлғып, билеп,
Бәйек боп әулиедей ізін сүймек.
Елге келсе, өтірік мақтанатын:
«Қорқайын ба, ұлыққа айттым сөйдеп».

Ел үшін еңбек етсең, халқың сүймек,
«Біз үшін отқа, суға түсіп жүр» деп.
Ер өлсе де, еңбегін ел өшірмес,
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек!
Оқуда мақсат не?

Оқуда мақсат не:
Медреседе жату ма,
Ескі нұсқа бақастарды татуға;
Қанша жыл Хашия мем Мантық шайнап,
Керілдесіп шатуға.

Көп жатып, «хатымкер» атын алып
Елге апарып сатуға?
Ә! Бұлай болса керек енді:
Сәлде, шапан киюге;
Мүрит болып ишанға бас июге,
Жас басымнан таупықты сопы болып,
Сол есіммен тоқты-торым жиюға.

Яки мақсат: молда атанып төрге отыру ма,
Ет, кымызға қарнын толтыруға;
Підие, зекет, пітірге қапшық болып,
Миллетке микробтігі тие отыруға?

Бұлардың бар тапқаны көзін сату,
Кім өліп, кім жіткенін аңцып жату,
Білмесе де әлхамның ғибарасын,
Жемтік көрсе молдамын деп тістей қату.

Яки мақсат: тілмаш боп жем табу ма,
Жылтыратып сары түйме шен тағуға;
Кеміре-кеміре жыртылған жырық дорба,
Басқалардан калғапын сен қағуға?
Яки мақсат: өнер, білім алуға,
Алға карай баруға.
Намыстанып қорланып,
Хұқықтан махрұм қалмауға.

Миллет көзін ашуға,
Терістіктен кашуға.
Заманаға кез салып,
Аяқты жөндеп басуға.

Жақсы тұқым шашуға,
Дария Нілдей тасуға.
Микроб болған наданның
Пітінелерін басуға.

Өнер тұқымын егуге,
Жарыққа қарай келуге,
Пайда, зиян айырсақ,
Жүре бермей жегуге.

Отанымызды сақтауға
Ақиқатты жақтауға.
Біз де басты көтерсек,
Қала бермей таптауда.
Рақат өмір жасауға,
Бәліш болмай асауға.

Кім дейсіз әр халықты тентіреткен:
Әуелгі үш түрлі оку түпке жеткен.
Бұл үшеуі көзі батып көмілгенде,
Кейінгі жалғыз мақсат көкке жеткен.

Демейміз оңымады біздің халың.
Болса да оқу — анық, мақсат — танық,
Болса егер ойларыңда соңғы мақсат
Еш мұндай болмас еді артта қалық.

* Мантық (арабша) — сөз, логика деген ұғымды білдіреді, бұл жерде кітап аты.
* Хатымкәрда (арабша) — белгілі бір оқу орнын бітіруді айтады.
* Мүрит (арабша) — пірге қол тапсырған адам.
* Таупықты (арабша) — бір нәрсенің анық-қанығына жеткен кісі.
* Пітір (арабша) — ораза тұсында адам басына берілетін садақа.
* Әлхам (арабша) – құран аяты. Әлхамның ғибарасын білмеу, құран қарасын танымау.
* Хұқық (арабша) – право, махрұм қалу – құр қалу деген сөз.
* Пітіне (арабша) – бұзықтық, бас бұзарлық.
Достарыңызбен бөлісіңіз