Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Ж...

Қарақат көздің сәулесі,
Жүректі түртіп тулатат.
Мен сол ойдың әуресі
Түйінін таппай улатат.
«Сәулешім» деген бір сөзің,
Есімнен кетпес өмірде.
Серт қылдым берік мен өзім,
Өшпестей жазып көңілге.
Қосылған жүрек, тілек бір,
Дегені бірақ бола алмас,
«Болдырмақ!» десең өзің біл,
Онсыз жаным тына алмас.
Еркімді бердім өзіңе,
Бұйдалы басым бұрылмас.
Көрінбесең көзіме,
Сабырсыз жүрек тұра алмас.
Аз ашылған сөзден де,
Түрі бар істің оңалмас.
Бар жиһанды кезсем де,
Сенсіз бақыт қона алмас.
Сенемін, сен де мендейсің.
Тек қана тағдыр айырар,
Басқаға көңіл бөлмейсің,
Мен үшін ғана қайғырар.
Топас күш — тасқын, біз жаңқа,
Сең соқса достар айрылар.
Бар қайғым осы, жан қалқа,
Топанды күш жоқ қайырар.
Жетпесе жүрек сертіне,
Жас көңіл жасып майрылар.
Бұғау салса еркіне,
Ажал кеп жанды жай қылар.
Бәрі де қолдың қысқасы,
Бір күнді мойынға алмауым,
Тағдырдың шебер ұстасы,
Көрдім мен жоқ қып қарғауын,
Талапты жас жүректі
Дүние қоймас алдауын.
Бермесе тәңірі тілекті,
Істесін мейлі жалмауын.
Жылы кеш

Жазғы кеш, жарық айлы, қоңыр самал,
Рахат таза ауасын жұтқанда бал.
Сұлу жұлдыз жымыңдап шақырғандай
Көрікті нұр сәулеме «өзіңді сал.
Алтын ай толықсыған сар дөңгелек,
Нұр сепкен жер жүзіне аспанды өрлеп.
Жұлдыздар да тұрған жоқ босқа қарап,
Ай сәулесін күшейтеді көтермелеп.
Көк ауа, мөлдір аспан бейне жібек,
Көргеннің көңілі өсер, ойы түлеп.
Ай бауыры, көк орайдың қойнында
Сырласар сыбырменен сүйген жүрек.
Оранып гүл-шешекке жұпар иіс,
Жайқалған жапырағы жасыл бүліш.
Құшақтап қалқатайды орман кезсең,
Бақыт табар, жаның да болар тиыш.
Ол жерің су жағасы болса мүйіс,
Тоқталса демалыс боп ұзақ жүріс.
Аспаннан ай сәулесі тіктеп түскен,
Басталса ақ тамақтан тәтті сүйіс.
Сол түннің кетпес еді суреті естен,
Ондай сүйген махаббат болмас өшкен.
Қартайып көр аузында тұрсаң-дағы,
«Ау, дариға» дегізіп, ойға түскен.
Достарыңызбен бөлісіңіз