Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Өлең деген тумайды жайшылықта

Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта.
Ақын болсаң жарқыным, алысқа аттан,
Күнделікті тірлікке бой суытпа.
Айшылық жол...
Шөлдейсің, зарығасың,
Армандайсың, аңсайсың, сағынасың.
Жол азабын көресің, көресің де
Ашынасың, біресе бағынасың.
Даламенен жүресің, тау асасың,
Сезесің биігін де аласасын.
Кенезең кепкенде бір, лай суға
Кез келген мақұлықпен таласасың.
Сапар ұзақ.
Тағы да аяңдайсың,
Алыпқашпаң басылып, баяулайсың.
Ел шетіне жетесің, жетесің де
Көргеніңнің бәрісін баяндайсың.
Міне, осылай өлеңнің кілті деген,
Құйттай жүйең қалмайды сілкімеген.
Аттанам деп алысқа, айдалада
Адаспайтын болғай-ды шіркін өлең.
Достарыңызбен бөлісіңіз