Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Әке

Әке, сенің жасыңнан асып барам.
Кезі-кезі келгенде тасып та алам,
Кезі-кезі келгенде жасып қалам,
Мына өмірге, бәрібір, ғашық балаң.
Құры алақан емеспін қуаныштан,
Қуаныштар алдымда құрақ ұшқан.
Бір арыстан өмірден өткенімен,
Өмір сүріп келеді тірі арыстан.
Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын,
Ол мәңгілік жанады көрмей тыным.
Ұрпағың бар, ел менен ер намысын,
Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын.
Әке аманаты

(Еске алу)
Аттанарда алыс жолға,
Тапсырды әкем аманатын.
Серт етіп мен де алдым қолға,
Әкемнің берген «асыл затын»
Сұстандырған суық лебі,
Соғыс жылы, қыстың кезі.
Әкем сонда аймалап мені,
Аманат еткен мынау еді сөзге
«Тыңда, балам, тыңда, күнім
Болуға жара қолқанат!
Кәрі анаң, сәби інің,
Барлығы саған аманат!
Мен де сенің он жасыңда,
Атадан жетім қалғанмын.
Аса ақылды болмасам да,
Аманатын алғанмын.
Санамда сіңіп, сақталып,
Әкеңнің сөзі өлмеген.
Болғанша кашан ақталып,
Тұратын бел боп көлденең.
Талпын өмір шыңына,
Жетіп те мүмкін қаларсың!
Анаңның ауыр мұңына
Сергіткіш себеп боларсың!
Сен жас буын, жаңа тал,
Гүлің де өсіп шашырар.
Сарылып оқып, білім ал,
Сөнгенше сәулең асырар»
Деп жан әкем аттанып
Кетті қайта айналмай.
Тек сол сөзі жатталып,
Жүрегімде қалғандай.
Достарыңызбен бөлісіңіз