Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Қырқыншы жылдар

Рас, қайғы-қасіреті бар қаптаған,
Ғұмырлар бар батқан және батпаған.
Әкелгенмен әр адамға бір қайғы,
Сол жылдарға қарғыс айту жат маған.
Жанды-жансыз бар табиғат түнерген,
Әр кеудеде бір шер барын білсем мен.
Қан майданда ерлік етсе біреулер,
Қарсы жауға біз де шықтық түренмен.
Аңыздардан тере жүріп масақты,
Рас, рас, көзімізден жас ақты.
Бірақ со бір дауыл жылдар, от жылдар,
Бәрімізден бір-бір батыр жасапты.
Батыр жұртым, сол жылдарды өткердің,
Сонда да сен жақсы көрдің, жек көрдің.
Қара емендей қатып қалған әжеңді,
Кейінгі ұрпақ, батыр емес деп көргін!
Кейінгі ұрпақ, саған салған өткелдің,
Сағасында өткен жастық, өткен күн.
Қаршадайдан қара шаруа атанған,
Сен әкеңді батыр емес деп көргін!
Сол жылдарға қарғыс айту жат маған,
Сондағы мен ерлігіме мақтанам.
Балғын ұрпақ, сенің болашағынды
Біле білсең, мына біздер сақтаған!
Қырқыншы жылдардағы бесік жырынан

«Кебін киген өледі,
Кебенек киген келеді»,
Майданға көкең кеткенде,
Осылай бәрі деп еді.
Бөпем, бөпем, бөпем-ау,
Қай жерде қалды көкең-ау?!
Кей-кейде біздің халық та,
Өтірік айтады екен-ау!
«Оралар туған жеріне,
Топырақ caп бер»,- деді де,
Дұғасын оқып, күбірлеп,
Әжең де қалған жөніне.
«Оралсын аман жеріне,
Көріссін туған елімен»,-
Дедім де, көздей қалтаға
Топырақ түйіп беріп ем.
Бөпем, бөпем, бөпем-ау,
Қай жерде жатыр көкең-ау?!
Көбісі біздің ырымның
Түкке алғысыз екен-ау!
«Үлкен үйден дәм татса,
Кешікпей қайта оралар.
Ел-жұрты қарғап, ант атса,
Ксткеннен келмес, жоғалар
Дегесін, үлкен шаңырақ,
Дәм беріп еді жамырап.
Алақан жайып артынан,
Ақ тілеу айтқан аңырап.
Аужалын түйіп заманның,
Ортаға салып бар малын,
Ала жібін адамның
Аттамап еді ардағым.
Неліктен тәңірім оны алды,
Оранушы еді алғысқа.
Дәуқара аман оралды,
Оранды қайта қарғысқа.
Бөпем де бөпем, бөпем-ау,
He жазды сенің көкең-ау?!
Халықтың кейде алғысы,
Қарғыстан бетер екен-ау!
Әлди, әлди, бөпем-ау,
Бәрі де бекер екен-ау!
«Сабыр да түбі - сары алтын»
Сарғайып қашан жетем-ау?!
Достарыңызбен бөлісіңіз