Әскерге әке ұлын аттандырды.
Сәт сапар тіледі жұрт, мақтан қылды
Ел ішіне сүйкімді, мақтаулы ұлды,
Жасама деп жат қылық сақтандырды
Жаңадан отау тігіп, ірге құрап,
Қалыпты жас семья гүлденіп-ақ.
...Анасы жол жабдығын әзірлеуде,
Қуанып, бірде күліп, бірде жылап.
Қоштасып ағалары, құрбылары,
Қош айтып ауыл-аймақ тұрды бәрі.
Қош бол! - деп алыс сағым бұлдырады
Естіліп бұлақтардың сыңғыр әні.
Бәрі де қоштасуда...
Бірақ бір жан,
Бата алмай қоштасуға жылап тұрған.
Жолығып жол бойында қырат-қырдан,
- Қош бол! - деп орамалын лақтырған
Болашақ солдат оны байқамады,
Қыз қылығын тағы да қайталады...
...Жасыма, махаббатың қайтар әлі
Оның да сен боларсың айтар әні.