Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Қара қамба

Әлі менің есімде қара қамба,
Қарның тойып қалатын қарағанда.
Жеткізе алмай тұрса да әр адамға,
Әбіужауһан болатын балаларға.
Шұрқырасып сабақтан тарағанда,
Ішімізді аш тазы жалағанда,
Өкпемізді қолға алып жетуші едік,
Ашық тұрса аңқайып қара қамба.
Жаңа келген мүгедек қамбашы аға,
Бастығынан жарлықты алмаса да,
Қалтамызды арпаға толтыратын,
Қабымызға шелектеп салмаса да.
Қарып тұрған қаңтардың суығында,
Тоюшы едік қайнақ су, қуырымға,
Қосымыз түзелгендей көрінетін,
Қисайып пәс-пәс қалған жығылуға.
Қарық қылмай тұрса да қара нанға,
Қара қамба құт еді балаларға.
Әкеміз тірілгендей қуанушы ек,
Аузы ашылып тұрса өгер қара қамба.
Достарыңызбен бөлісіңіз