Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Қайдасың көріктім, гөзелім

Қайдасың көріктім, гөзелім
Сен-дағы ойлайсың сеземін.
Жалғызбын білмеймін неліктен
Болса да өз үйім, өз елім.
Едің ғой ақ қанат көгершін,
Қайтейін, өмірің көгерсін!
Әзірге мен бір жан белгісіз,
Әйтеуір соңында көрерсің.
Қатыгез қайсыбір сағатта
Өмірді келеді тастағың.
Сонда да үмітті жоғалтпа
Қаралы күндерден қашпағын.
Сабыр ет, тоқтау қыл, шеше біл,
Тағдырың улы оғын жолдаса.
Өзің-ақ ойлашы, несі өмір
Қуаныш, қайғысы болмаса.
Қай жерде тіршілік өмір бар,
Сол жерде қуаныш, қайғы да.
Болса да алдың құз, артың жар,
Төзе біл, өмір сүр, айныма.
Достарыңызбен бөлісіңіз