Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Сыр

Күрсініп көкірегім, жылайды ішім,
Өсем бе, өшемін бе құдай білсін.
Қанды дағын жүректің қалдырайын,
Қаласа біреу-міреу сұрай жүрсін.
Көрсін де жүрегімнің аққан қанын,
Ақ қағазда жол-жол боп жатқан дағын,
Байқап бір қарасын да, іздегендер,
Жаудырсын мақтауларын, даттауларын.
Еркелеп мен өмірді кешіп жүрем,
Шаттығым, мұқым да бар,
Несін бүгем.
Кей-кейде сүріндім де, түңілдім де,
Алайда, жоғалтпадым есімді мен.
Жақпадым жауыздықпен аққа қара,
Жатсынып жатқаным жоқ жатқа нала.
Гаваньға құлап түскен ақ шағала -
Жырымды тірілтем деп әурелендім,
Мастанбай ақын деген атқа ғана.
О, Муза!
Тағдырыма иемісің?!
Күрсініп көкірегім, күйеді ішім.
Мен сені жаңартам деп келгенім жоқ,
Сен мені жаралғансың сүю үшін.
Сырқат сыры

Тағы, міне, таң да атты.
- Сырқатыңыз салмақты...
Ішкен шарап, жеген ет,
Баурыңызды жалмапты.
...Жанарымды жұмып ем, иір-қиыр жол жатты,
Иір-қиыр жол жатты, тұман басты жан-жақты.
Есіме алдым Қосжанды, есіме алдым Қалжанды,
Маған ұқсап олар да естерінен танған-ды.
...Ауырғаны белгісіз, неткен сырқат алдампаз,
Ауырмай-ақ, көз ілмей өткіземін таңдарды.
Рас па деп ойлаймын жалған десе, жалғанды.
Ойран-асыр күн кешіп ортасында дүрмектің
Қираған үй сияқты, қираппын ғой, білмеппін.
Жанашырдың айтқанын құлағыма ілмеппін.
Өзімді-өзім қиратып, өзімді-өзім жүндеппін.
Ыңқылдаған сырқаттар...
Ұзақ түн мен ұзақ таң.
Далада қыс, қаланың жотасына мұз артқан.
Біліп болмас бір сұмдық жанға батқан сызаттан,
Қапастағы қыздаймын еріксізден ұзатқан.
Ауырады бір жерім, жүрегім бе, жаным ба?!
Асау толқын ойнайды аласұрып қанымда.
Өткен өмір ұқсайды ұзап кеткен сағымға,
Ұмтыламын, бірақта, ұстай алмай-ақ қойдым,
Әйтеуір бір ұры жүр менің сайран бағымда.
Жамбасыма, қолыма қадалғанда инелер,
Сәл сескеніп, артынан жан рахат күйге енер.
Жүрегімде жыр ұйып, құлағыма күй келер.
Бірер сағат өтіп-ақ сол рахат жоғалып,
Тірі жатқан миыма мық caпалап үймелер.
Жоғал, сары уайым!
Meн тірімін, тірімін!
Төсенгенім тірі жер, жамылғаным тірі Күн.
Көп күндері қуаныш, көп күндердің бірі мұң,
Екі аяғын тең басқан азаматтың бірімін!
Ақау түскен мотордай енді осыдан жөнделсем,
Құрып қалғыр сырқаттан құлантаза емделсем,
Тарт, қара жер, жанымды, ғайбат айтып егерде,
Исі қазақ баласын бір-бірінен кем көрсем.
Қадалуда саныма сансыз ғажап әлі ине...
Жан жұбатар дос та жоқ, жауым да жоқ, әрине.
Айналайын дәрігер, аман-есен айықсам,
Бүкіл елімді аралап, сәлем берем әр үйге.
Достарыңызбен бөлісіңіз