Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Сен

Сен көрікті едің...
Көріктісің!
Баяғы бойыңдағы желік-күшің.
He істеймін десең-дағы еріктісің,
Себебі көріктісің, көріктісің!
Сен ақылды едің...
Ақылдысың!
Тал бойыңда талмаған ақыл-күшің.
Ерке мінез, есен-сау жатырмысың,
Жатырмысың, жаныма жақын құсым?!
Жаратқан қолдан соққан асыл мүсін
...Алдыңа келу қандай қиын маған!
О, менің ақ бақытым, бұйырмаған.
Саусағыңның ізіне көзің салшы,
Шым-шытырақ шимаймен шиырлаған,
О, менің ақ бақытым, бұйырмаған.
Сен сүйікті едің...
Сүйіктісің!
Сені көріп тағы да күйікті ішім.
Мен шыға алмас шың едің, шын бақытым,
Әлі де биікпісің?
Биікпісің?!
Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған

Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған,
Сонда жатыр менде жүрген орындалмас бар арман.
Сенің жүзің көкте күннен, жерде гүлден нәр алған,
Шашың сенің - жан баспаған жапандағы қара орман.
Қас-кірпігің қарлығаштың қанатындай қап-қара,
Үлбіреген жүзің сенің ақ жібек пе, мақта ма?!
Әсем-басың әп-әдемі, мүсініңе шақ қана,
Шиедейін еріндерің қызарып тұр шоқтана.
Толықсыған тұла бойың шыбық па екен, тал ма екен,
Бейнең сенің баяу атқан жазғы шұғыла таң ба екен,
Күлкің сенің шашылған нұр, сөзің кәусар, бал ма екен,
Бұл ғаламда сенен артқан, сірә, біреу бар ма екен!?
Бұл ғаламда сенен артқан жан бар деуге сепбеймін,
Сен солайсың, Ләйлім менің, сенбе маған, сен мейлің.
Бұл ғаламда сенен артқан бір жан болса егерде,
Өз көзімді өзім оям, оны мәңгі көрмеймін.
Зәмзәм суы сенен арзан, тата алмаған кәусарым,
Сенің әсем мүсініңді сөзбен қалай таусамын?!
Мың Мәжнүн мендей, сірә, тебіренбеген шығар-ау,
Аппақ құсым, қайдасың сен? Аңсадым-ау, аңсадым...
Достарыңызбен бөлісіңіз