Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Сахараның шұбырған түйелері

Түнде менің түсіме жиі енеді
Сахараның шұбырған түйелері.
Түйенің өркешінде жыр боталап,
Түйенің боздауынан күй өледі.
Ұқсамайды жасаулы керуенге,
Көрікбейді серілер перілер де.
Аспан, мұхит арқылы қатынасып,
Керуеннен адамдар жеріген бе?!
Көн табанын күйдірсін, өртесін не,
Көнеді бәріне олар жер төсінде.
Кім айтар алгебра туған жоқ деп,
Осынау түйелердің өркешінде.
Түйелер - алыс сапар жолдың басы.
(Құмға оларды иесіз қор қылмашы?!)
Түйе деген - көтергіш крандардың
Көзі тірі көне бір формуласы.
Сүтін ішіп, шудасын кие жүріп,
Қастерлейік түйені сүйе біліп.
Түйелер...
Түйелерді тірі ұстайық,
Бармаспыз болашаққа түйе мініп.
Екіталай күндерде иелері,
Азап-сорын атанға тиеп еді,
Атанына арқасын сүйеп еді,
...Атан байғұс несіне сүйенеді?!
Сондықтан ба, түсіме жиі енеді
Сахараның шұбырған түйелері.
Достарыңызбен бөлісіңіз