Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Менің анкетам

- Туған жерің?
- Ұланымын, Қарасаз деп аталатын ауылдың.
- Туған жылың?
- 1931. Құрдасымын Шәмілдің.
- Жынысың кім?
- Еркекпін ғой, еркекпін! Және-дағы тәуірмін...
- Партияда барсын, ба?
- Жоқпын.
Бірақ, коммунистік көзқараспен қараймын.
- Шыққан тегің?
- Шаруамын.
Бар тірліктен бағалы оны санаймын.
- Білімің ше?
- Орташа ғой.
Алайда өзім жоғарыға балаймын.
- Ана тілің?
- Қазақша.
Қысылғанда орысша да, немісше де, тағы бар.
- Қайда істедің?
- Мынау «Еңбек кітапшамнан» танып ал.
Оқымаған, дипломсыз демесең,
Бір басымнан бар мамандық табылар.
- Міндеттісің бе әскерге?
- Міндеттімін.
Біздің әлі жас кеуде.
Жауынгердің ұлымын ғой,
Жанын қиған Мәскеуге.
- Сөгіс алып көрдің бе?
- Ол жағынан періште едім дей алмаймын
Мен мүлде.
Ойлы-қырлы бүл өмірде болады ғой мүлт кету,
Ол өзі бір еншісі ғой ездің әрі ердің де...
- Шетелдерде болдың ба?
- Болғамын жоқ.
Олар маған тұрған да жоқ қол бұлғап.
Қалсам болды, өлсем болды жәйіммен,
Осы отырған орнымда-ақ.
- Мекен-жәйің?
- Мекен-жәйім - жер менің.
Жерде жүрген ақын деген пендемін.
Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған,
Мен өмірді жырлау үшін келгемін!
Достарыңызбен бөлісіңіз