Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Маңдайда бір тал шашым ағарыпты

Маңдайда бір тал шашым ағарыпты,
Белгісі болғай-дағы «даналықтың».
Ығысып, қарақұсқа бара жатыр,
Кекілі кешегі анау балалықтың.
Ағарсын шашым, мейлі, ағармасын,
Алаң боп ауырмағай оған басым.
Жастықтың оты сөнер, оты сөнер,
Қызуы бойда бірақ жоғалмасын.
Жанар тауым бар еді ғой кеудемде,
Жалын атып, жана-жана сөнген бе?!
Тас қайнатып, жатушы еді, от бүркіп,
Тастай қатып, тынған ба енді, өлген бе?
Бір жанар тау жатушы еді төсімде,
Жана-жана айналған ба өшуге?
Қызыл-күрең алау оттың орнында,
Қылымсыған қыз-сағымдар көшуде.
Жанар тауым бар еді ғой өртенген,
Жалыны оның неге мұнша ерте өлген?!
...Отырып ап сөнген ошақ басында,
Қорқыт атам қыл қобызын шертем мен.
Достарыңызбен бөлісіңіз