Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Иек артқан теңізге мүйістейін

Иек артқан теңізге мүйістейін,
Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін?
Иіскейін тек қана, тиіспейін,
Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін?
Қолаң қара шашың-ай күн қақтаған!
Қос бұрым-ай жотанда бұлғақтаған!
Қарғам, сенде жерімнің иісі бар-ау,
Жер иісі жұпардан қымбат маған!
Иісі бар-ау дәннің де, шалғынның да,
Қырдың да, қырманның да, жаңбырдың да,
Тұр, сірә, мына шашта иісі аңқып
Аптаптың, аңызақтың, тандырдың да.
Шашыңнан иіскетші, қарғам, маған?
Есіме түсер ме екен арман-далам.
Иіскетші?
Жауқазын-жан екенсің;
Жасанды әсемдікке алданбаған.
Тұрғам жоқ сауға сұрау қылығыңнан,
Жан едім махаббаттың құрығы ұрған.
Иіскейін жұртымның топырағын,
Иіскет, қарғам, маған бұрымыңнан?
Достарыңызбен бөлісіңіз