Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Елес жайлы естелік

Төрағасы жайғасты төрге барып,
Бос орын жоқ.
Зал іші көмбе-халық.
Әуезовті бір шешен мақтап жатыр,
Аракүдік тамағын кенеп алып...
Бір бұрышқа отырдым мен де барып.
Жұрт мақтауда.
Мақтаусыз сөз болмады.
Нелер шешен тайпалтты-ау сөз жорғаны.
Ақ шырағдан астында - төрағасы,
Төрағасы - Әуезов, қозғалмады...
Еңбегімен, есімен бақты жанған -
Айналасы Мұхаңның ақ шырағдан.
...Төрағаның аузына қарайды жұрт,
Қалт жібермей айтқанын қақшып алмақ.
Құттықтаулар, мақтаулар тынды-дағы,
Залдың іші бір сәтке тұнжырады...
Төрағасы сатылап сөйлеп кетті,
Сәл ырғалып орнынан тұрды-дағы.
Есімде жоқ. Мұхаңның не дегені,
(Жаңылып, жалған айтып не керегі.)
...Алдымда «Абайдағы» Абай тұрды
Әуезов жасап берген кемедегі...
Әрі қарай өкетті елес мені,
Шырақ сөнді...
Белгісіз неге өшкені?!
(Мұхаң маған алыстан елестеді...)
Сұрағым...
Сұрағым бар емес пе еді?
Шырақ қайда?!
Жаңағы жарық қайда!?
Кимелеп ұмтылады халың қайда?!
Шынымен Әуезовке маңытпай ма?!
Мына ағын бара жатыр алып қайда?!..
(Қалқиып, қарауылдап тұрамын ба?)
Мен-дағы қарсы жүздім бұл ағынға.
Толқыннан кеудемді алып,
Айғай салдым:
- О, Мұха!
Сұрағым бар! Сұрағым бар!..
Алыстан айғайлап мен қоймағасын,
Аялдап, андап, шолып айналасын.
Ағынмен арпалысқан мені көріп:
- Айт,- деді - сұрағыңды,
Қай баласың?..
Сұрақ та, жауап та мен қайтармадым,
Тымқұрса атымды да айта алмадым...
Достарыңызбен бөлісіңіз