Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Дариға, домбырамды берші маған

Дариға, домбырамды берші маған,
Жаныма келші, жарым, келші балам!
Бейуақ, іңірдегі көңіліме,
Күй болып, күңіреиіп енші, далам.
Қайырмасы:
Бабамның көзімісің?!
Данамның сөзімісің?!
Жаралған сезім үшін,
Мазасыз жүрегімнің өзімісің?!
Домбырам,
Қоңыр қазым, аққуымсың!
Арманым, мұңым, сырым, шаттығымсың
Домбырам, жүрегіммен үндес едің,
Сенімен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұрам, сен болмасаң,
Өнердің не екенін де білмес едім.
Қайырмасы.
Өсірген өнерімді қызыр-бабам,
Үніңнен айналайын бұзылмаған!
Киелі пернеңе бір қол соқпасам,
Ішегін, жетімсіреп ызылдаған.
Қайырмасы.
Домбырам, досым менің күй аңсаған,
Өзімді, өмірімді қиям саған.
Шағымда шабыттанған, қиялдаған.
Шапағың бар шаттығын құяр маған.
Қайырмасы.
Ерке назым, менің де, сазым менің,
Шыбынсыз, шуақ шашқан жазым ба едің?
Дарынға, домбырамды берші маған,
Айналып ұшсын аққу-қазым менің.
Достарыңызбен бөлісіңіз