Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Бозқараған

Бозқараған...
Көрдің бе бозқараған?
Сирень иісі аңқиды боз даладан.
Бозқараған - тікенек, тікенге өскен
Сирень гүлін ешкім де қозғамаған.
(Соның аты, біздіңше - Бозқараған.)
Қара судың жағасы бозқараған,
Бозқараған бұтағын қозғама адам.
Бозқараған ішінде бойжеткенге,
Бозбалалар бозарып көз қадаған.
Бойжеткендер тойларын жасарында,
Бозқараған жанатын ошағында.
Әтір иісін әкеліп аш ауылға,
Желік беріп тұратын жеңгейлерге,
Жер түбіне біреумен қашарында!
Қарасаздың тоғайы - сайран бағы,
Сайран бағын неліктен ойрандады!?
...Бозқараған гүлін ап, хатқа салып,
Жіберуші ек туысқа майдандағы.
Бозқараған!
Армысың, қасиеттім, бөзге ораған!
Қайда әлгі бойжеткенің көз қадаған?
Қайда жеңгем?
Соңынан сөз бораған...
Достарыңызбен бөлісіңіз