Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Қазақ халқының бұрынғы мәғишаты

Қазақтың қандай еді мәғишаты,
Бір күнде көшіп қонған рахаты.
Қайғы жоқ, хасірет жоқ, қыз-бозбала,
Түзеген басекемен салтанаты.
Кетуші ед көшбасшылар ілгері озып,
Жарасып өз форымынша саясаты.
Жарысып жас балалар жүруші еді
Жаратқан үкі тағып жүйрік аты.
Жайлауға шыға айғыр суытушы еді,
Ыстықтың қалмайды деп зарараты20.
Тізіліп көл жағалай қонушы еді,
Жарасып ақ үйлердің қияфаты21.
Көкорай шалғындарға бие байлап,
Байлықтың көрінуші еді ғаламаты22
Жан-жануар рахатпен бір жасаушы ед,
Кіргендей бөлмесіне жер жәннаты.
Ішкен мас, жеген тоқ боп жүруші еді,
Түзеліп бозбалалық саяхаты23.
Бүлдірген, шие тере кетуші еді,
Қыз-келіншек мырзалардың жамағаты.
Кеңейіп жұрттың фиғылы24 ол уақытта
Нашарға тиюші еді шарафаты25.
Ұл туып, келін түссе, қыз ұзатып,
Той болып ат шабушы ед бір ғәдәті26.
Бек ғажап марқұмдарға ас беруші ед,
Фаш27 болса халық ішінде инафаты28.
Бауыздатып бағланды, құлын сойып,
Ішсе қымыз, келуші еді сөздің шарты.
Қанікей, осы айтқанның бірі бар ма,
Айтылса сөздің кәміл хақиқаты29.
Бұл күнде бұларды ойлап қайғы да жүр,
Бар болған данышпандар фарасаты30.
Оқыған пайда берер жастарымыз,
һәр істен болса мәгер мағлұматы.
* * *
Үйренген халықпыз ғой кемшілікке,
Талпынып ұмтылмайтын кеңшілікке.
Осындай білінген соң мінезіміз
Кім де кім біздің жұртты елсініп пе?
Руссияда жиырма миллион бар мұсылман
Жері жоқ осылардың бір қосылған.
Мәселен біздін қазақ бұл уақытта
Тысқары рухани идарадан.
Бола алмай тілек қабыл хафалықта31.
Көруде жәбіршілік жүрміз һаман.
Қазағым көрмегенің әлі алдыңда,
Боларсың көне берсең мұнан жаман.
Босында аяқ-қолың қимылдап қал.
Бір күнде тыпырлауға келмес шамаң.

19 мәғишат - тіршілік, тұрмыс
20 зарарат, зарара - зиян
21 қияфат - көрінісі
22 ғаламат - белгі
23 саяхат - серуен, сапар
24 фиғыл - ниет, ындын
25 шарафат - игілік
26 ғәдәті - әдет
27 фаш - белгілі болу
28 инафат - сенім
29 хакиқат - рас, шындық
30 фарасат - көреген, сұңғыла
31 хафа-уайым, қайғы
Достарыңызбен бөлісіңіз