Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Сырым

Құрып жүрміз алдағы істің планын,
Біле алмаймын не нәтиже шығарын.
Малды байлап, басты тігіп бәйгеге,
Мәсіләктің құлы болмақ құмарым.
Білгіштерді жанай жүру әдетім,
Үміт етіп жақсылықтың жұғарын.
Кете алмаймын аса сілтеп, еркінсіп,
Мін тағуға халықтың біліп сынарын.
Күзетуде кірпік қақпай әуремін,
Хақ пен нахақ - қайсысы жеңіп шығарым.
Біздің тілек кім жағында, белгілі,
Дұшпан туын сұрау хақтан құларын.
Көздеген оқ, сермеген қылыш болса да,
Тәуекел деп қасқайып көзді жұмарым.
Кім үшін тусам, сол үшін өлу борышым,
Міндет қылып қосқаны маған құдайдың.
Баста - бақыт, қолда - дәулет, тәнде - жан,
Кім айта алар үнемі кетпей тұрарын.
Мұның бәрін білсең, қазақ баласы.
Халін харап, онан да ғажап шыдауың.
Достарыңызбен бөлісіңіз