Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Мұң (1)

Сенімсіз басым, пайдасыз жасым арманда
Жетермісің тілегіңе жалғанда?
Қан тамшылап тұрса да көзден жас ағып,
«Сенікі жөн», - деп кұлаққа ілген жан бар ма?
Елең етер намысқа қызып жігіт аз,
Бұл не ғажап - жұрт керең боп қалған ба?
Мен не болсам, болайын саған садақа,
Сүйікті жұртым, қақпанға түсіп алданба.
Сырты тұнық, іші лай жауын бар -
Жаны ашитын жақын сол деп малданба.
Жұрттығыңды жоғалтпай әлден, басың қос,
Озу қиын көмбе жерге барғанда.
Бола берме, жазған қазақ, жасқаншақ,
Күнің жетті мұңыңды шағып зарларға.
Аксақалдар көсемдік қылса, ел бастап,
Ер артынан, жас азамат, арланба!
Шаш өсірген орысша оқып жас жандар,
Жолды көрсет адаскан елге, паңданба.
Жұрт пайдасы деген жолдан тартынбай,
Дәулетіңмен жәрдем тигіз, байлар да.
Шариғат сатып мал жиғанға салынбай,
Ағарт, жұртты, молдекелар, қамдан да.
Сен де қысқарт ақынсымай сөзіңді.
Сырың мағлұм, жат тынышыңа жайлан да.
Достарыңызбен бөлісіңіз