Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Қызыл жалау

- Жалынды жалау кімдікі?
- Тұрағы тарғыл тас қия,
Арбаңдаған Азия -
Жалындай жалау соныкі,
Ендеше, қазақ, сенікі!
- Қызыл шоқ жалау кімдікі?
- Кім де кім: «Тәңірім - от,- десе,-
Басқа Тәңірім жоқ»,- десе,
Қызыл шоқ жалау соныкі,
Ендеше, қазақ, сенікі!
- Қызыл шоқ жалау кімдікі?
- Кім де кім шикі қан жұтса,
Қан аңсап жүріп шаң жұтса -
Қызыл қан жалау соныкі,
Ендеше, қазақ, сенікі!
- Қанды жас жалау кімдікі?
- Кімнің ұлы құл болса,
Тұлымдысы тұл болса -
Қанды жас жалау соныкі,
Ендеше, қазақ, сенікі!
- Өртенген жалау кімдікі?
- Кім өртенген гүлдемей,
Кім таланған, кім кедей -
Өртенген жалау соныкі,
Ендеше, қазақ, сенікі!
- Азаттық жалау кімдікі?
- Көре алмаса кім теңдік,
Тепкі көрсе кім кемдік -
Азаттық жалау соныкі,
Ендеше, қазақ, сенікі!
Достарыңызбен бөлісіңіз