Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Жарым

Кердең-кердең жүресің сен, не таптың?
Мен айтайын - айнымайтын жар таптым.
Күндіз-түні жар қойнында жатамын,
Естімеймін уын-шуын жан-жақтың.
Қанша құшсам-дағы сусын қанбаған,
Жан жарым бар, неге керек мал маған!
Жұрттың бәрі-ақ: «Оңбаған жан!»- дей берсін,
Жан жарым бар, неге керек ар маған?!
Жарым күншіл, көз салдырмайд жан-жаққа,
Жібермейді жұмысқа да мансапқа.
Сондай ерке, оны құшып, керіліп,
Күндіз-түні күңірене бер тек жат та.
Әкем маған: «Сауда қылып, мал тап!»- дейд,
Жарым маған: «Мал деген не, тек жат!»- дейд.
Елім маған: «Елге еңбек қыл!»- дегенде,
Жарым маған: «Жатқан адам бекзат!»- дейд.
Жар айтқан соң, жаннан жақын көрген жар,
Жардың тілін алмауға не дәтім бар?!
Тілін алдым - үйден, елден айрылдым,
Бірі де жоқ - мал да, ел де, намыс, ар.
Жар жат дейді, жатамын да жатамын,
Mac адамдай бос ойға ылғи батамын.
Ашылғанда ұйқыдан көз, бар ісім -
Қылжалаңдап, жоқты-барды шатамын.
Әрине, енді мені мақтар пенде жоқ,
«Жап-жақсы еді, жар аздырды-ау!»- дейді көп.
Жұрт сөзі не? Жан жарымның қойнында
Жата берем: «Жаным, жаным, жарым!»- деп.
Бұл жарым кім? Тапшы қәне.- «Денсаулық?»
Сен дейсің ғой: «Алма бетті, ақ жаулық...»
Жоқ, жолдасым, адасасың, айтайын:
Жарым менің - аты шулы жалқаулық!
Жарыма

От жұтқан туысқанның халін көріп,
Күнәсіз судай аққан қанын көріп,
Айрылған ар-намыстан қарындастың
Көз жасы, қалың қайғы, зарын көріп.
Елжіреп жүрек-бауырым, ішім еріп,
Бейнетке белді буып, қолды беріп,
Ант етіп айнымасқа ес білгеннен,
Байлаулы бауырыма тілеп ерік,-
Жан жарым, ұзақ, қиын түстім жолға,
Алдымда түпсіз дария, cop да, ор да.
Батпақ шөл: сусыз, отсыз, қайнаған құм,
Ысқырған жылан, шаян оң мен солда.
Өткелсіз, қарлы, отты таулар асқар,
Мейірімсіз табан тілер қия тастар...
Кім білед, қуат құрып, арып-талып,
Төгетін күндер болар ыстық жастар.
Сол күнде, алтын сәулем, қолыңды бер,
Жасытпа, жолым бастап, алдымда жүр.
Қара түн қорқынышты қаптағанда,
Жарқырап жұлдызым боп төккейсің, нұр.
Айрылса иманынан көңіл құбыл,
Кейін қайт, жапа шекпей, жазым деп жол.
Жан салып, тура қайтпас жүрек беріп,
Жаңадан жаратып сен Аллам да бол!
Жол алыс, жақын үшін жаннан кештім,
Бауырдың халін көріп бейнет құштым.
Құшақта, сүй, күл, жыла, қайраттандыр,
Жан жарым, ұзақ, ауыр жолға түстім.
Достарыңызбен бөлісіңіз