Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Жауап хаттан

Аманбыз, жезде,
Солай ма сізде?
Амандаспақ — жол, әдет.

Тағзымға — тағзым,
Назымға — назым
Тілеушілік — ол әдеп.

Жолдан мен де шықпаймын,
Сөзбен сыйлап мықтаймын.

Жолға сіз көсем,
Сөзге һәм шешен,
Оның менде бірі жоқ!

Іздемей жоғын,
Шайқамай тоғын,
Қарап жатқан тірі жоқ.

Мен де соның бірімін,
Өлгенім жоқ, тірімін.

Ағаның ақыл,
Айтқаны мақұл,
Жаны ашыған жақындық.

Мен жазған кеңес,
Мақтаныш емес,
Ат шығармақ ақындық.

Ер батқанда — жорғалық,
Молда жоқта — молдалық!

Байқасақ, жезде,
Бауыздар кезде,
Үн шығу бар емес пе!

Үндемей өлсек,
Сүйекпен көмсек,
Кейінгілер демес те?!

Лақ құрлы бақырмай,
Өлген екен, апырым-ай!

Милләтке қызмет,
Бәріңе міндет.
Деп айтасыз өзіңіз.

Милләттен безу,
Әйтпесе төзу,
Шын болса сол сөзіңіз.

Кей іс шарты құрбанмен.
Болмас қорқып тұрғанмен.

Мен бұқтым — жаттым,
Сен бұқтың — жаттың,
Кім істемек қызмет?!

Ауызбен айтып,
Істерге қайтіп,
Жоламасақ не міндет.

Тек жүрсе, тоқ жүрмекті,
Қиын дей ме білмекті.
Жездеке, солай,
Кермессіз қолай
Жан сақтаудың ебіне.

Айтпайтын жыр бар,
Ашпайтын сыр бар
Тымақтының көбіне.

Сізге жаздым ұғар деп,
Тымағы жоқ шығар деп.
Достарыңызбен бөлісіңіз