Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Г. Н. Потанинге

Атақты Сібір ұлы қарт Потанин,
Ер сүйсе, сендей сүйсін ел — Отанын.
«Қазақсың, қалмақсың» — деп алалау жоқ,
Отанның тең көресің барша жанын.
Қазаққа Потаниннің аты ардақты,
Иәміштің1 біліп отыр қанша шалын?!

Сексенді сен атқардың жұмыспенен,
Күндерде қарлы жаңбыр жүріспенен.
Өзіңді көзіңе айтып мақтау емес,
Бізсіз де ісің айғақ тұр істеген.
Ұл туып ұлы жолда қызмет етсе,
Онан зор ұлтқа бар ма ырыс деген?!

Ергенге жолың сара лақпайтын,
Туың зор атып оқпен құлатпайтын.
Сырыңды жыр ғып сөйлеп жеткізуге,
Көп сөзді көршілер тұр ұнатпайтын.
Жаз келер, жадыраған күндер туар,
Жыр жырлап ту түбінде шуақтайтын.

Біз едік қадірі жоқ ұл әкеге,
Көп жатқан мешел болып келекеде.
Әл бітіп, жаңа ғана аяқ басып,
Іліндік біз де жетіп мерекеге.
Тойыңа шашу алып шаттанамыз,
Білдіріп жүрек лебін Грекеңе!!!
Алдыңда алаш тарту ұсынып тұр,
Қорынып сыйы нашар қысылып тұр,
Жағдайсыз шаруаға шарт туғызған,
Алаңды зор «соғыстың» тұсы боп тұр.
«Орамал тонға емес, жолға» деп ал,
Әзіргі ат-шапаны осы боп тұр.

1 Иәміш − Ертіс бойындағы Ямышевский селосы.
Достарыңызбен бөлісіңіз