Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Маймыл

Жер жыртты ерте тұрып қарашекпен,
Қашаннан кәсібі еді егін еккен.
Асырап қатын-бала еңбегімен,
Кісі еді күшін жегіп ауқат еткен.
Ертеден кешке дейін дамыл алмай,
Өткізді ұзақ түнді қызметпен.
«Жарайды, бәрекелді, сабаз-ай!» - деп,
Алғысты берді оған өткен-кеткен.
Күншілік етті бұған Маймыл надан,
Мақтауды Маймыл түгіл, сүйеді адам.
«Осындай жұрттан мақтау алмайтұғын, -
Ойлады, - мен кеммін бе, - деп, - анадан!»
Маймылдың көзі түсті томашаға,
«Енді жұрт қалсын, - дейді, - тамашаға».
Томарды бір көтеріп, бір сүйретіп,
Бүлінді өз-өзінен оңашада.
Томармен домалайды ойға өрден,
Біресе арқалайды алып жерден.
Өкпесін шапқан аттай баса алмайды,
Денесі көрінбейді аққан терден.
Сарп етті жан аямай Маймыл күшін,
Ешбір жан мақтамады еткен ісін.
Сықылды осы Маймыл адамдар көп,
Көрсетіп не қылайын ашып түсін.
Не бітер күшті орынсыз жеккенменен,
Шығар ма тасқа егін еккенменен?!
Ойлама алғыс, абырой аламын деп
Пайдасыз құр михнат еткенменен.
Мақсұтқа ойыңа алған жете алмайсың,
Мал шашып құр далаға төккенменен.
Пайдалы істен алар абыройың
Кетпейді кейін қарай тепкенменен.
Орынды болса еткен михнатың,
Халықтың түсірерсің ілтипатын.
«Пәленійе, бәрекелді, жарайды!» - деп,
Шығады сол уақытта жақсы атың.
Маймыл мен көзілдірік

Қартайып, нашар көрді Маймыл көзі,
Ойлады ем етерге оған өзі.
«Көз азса - Көзілдірік емі» деген
Тиетін құлағына жұрттың сөзі.
Бес-алты Көзілдірік Маймыл тапты,
Біразын құйрығына тізіп, тақты.
Қарады бірін иіскеп, бірін жалап,
Бір мезгіл төбесіне қойып жатты.
Пайда жоқ иіскесе де, жаласа да,
Қойып-ақ әр жеріне қараса да.
Маймылға көзілдірік ем болмады,
Адамның көздеріне жараса да.
«Жоқ, - деді, - титімдей де пайда тіптен,
Мәжнүн бұл шыныдан дару күткен!
Жақсы-ақ деп Көзілдірік, шулаушы еді,
Бәрі де жалғаншы екен адам біткен.
Сөздері жұрттың айтқан бәрі жалған,
Мен жарым жалған айтқан сөзге нанған.
Көрмедім жау алғырдан ешбір пайда,
Еңбегім босқа кетті іздеп талған!»
Қараңыз, Маймыл не етті сонда тұрып?
Бір тасқа ұрды бәрін лақтырып.
Ашу мен жарымдықтан пайда бар ма,
Күл-күл боп Көзілдірік қалды сынып.

* * *
Алғанға бұл кеңесте ғибрат бар,
Маймылша іс ететін көп надандар.
Пайдалы затты орнына жұмсай алмай,
Сөгетін пайдасыз деп жоқ па адамдар?!
Достарыңызбен бөлісіңіз