Қосу (Қоғамдық) Қосу (Жеке)
Көзінен басқа ойы жоқ

Көзінен басқа ойы жоқ,
Адамның надан әуресі.
Сонда да көңілі тым-ақ тоқ,
Жайқаң-қайқаң әр несі.

Білмейсің десе, жел өкпе,
Дейді дағы – тәңірі ісі.
Бірінен бірі бөлек пе,
Иемнің әділ пендесі?

Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың1 түсер сәулесі
Іштегі кірді қашырса
Адамның хикмет2 кеудесі

Наданның көңілін басып тұр
Қараңғылық пердесі.
Ақылдан бойы қашық тұр,
Ойында бір-ақ шаруасы.

Кітапты молда теріс оқыр,
Дағарадай боп сәлдесі.
Малқұмар көңілі – бек соқыр,
Бүркіттен кем бе жем жесі?

Жүректе айна жоқ болса,
Сөз болмайды өңгесі.
Тыңдағыш қанша көп болса,
Сөз ұғарлық кем кісі.


1 Хақ (арабша) – көп мағыналы сөз: а) тура, шын, дұрыс; ә) баға; б) үлес, сыбаға; в) Алла; г) хұқық. Бұл арада дұрыстық, шындық мағынасында.
2 Хикмет (арабша) — көп мағыналы сөз. Пәлсапа (философия). Бұл арада білім, сыр, керемет мағынасында.
Достарыңызбен бөлісіңіз